Ол дүниежүзілік көшпенділер ойындарын тамашалауға келе жатыр
Ош қаласының тұрғыны Астанаға Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын тамашалау үшін велосипедпен шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24.kg-ге сілтеме жасап.
Қала тұрғыны Мамыт Таштанов 2 016 шақырым жол жүруге ниетті. Бүгін Ош қаласының орталық алаңында жиылған жұрт 74 жастағы зейнеткерді алыс жолға шығарып салды. Қала әкімдігі мен облыстың тұрғындары Мамыт Таштановты қаржылай қолдады.
«Велотурдың мақсаты – түркітілдес елдердің достығын нығайту және спортпен шұғылдануға шақыру. Екі жыл бұрын Мамыт Таштанов IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өткен Түркияға да велосипедпен саяхат жасады», - деп жазды 24.kg.
Биыл V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 8-13 қыркүйекте Астана қаласында өтеді. Оған 21 спорт түрінен 85 елден 2 мыңнан астам спортшы қатысады.