Олар компанияның елордадағы кеңсесінің алдына жиналды
Елордада «Aydana Tour» туристік агенттігіне алданған бір топ адам турфирма кеңсесінің алдына жиналды. Шілде-тамызға жоспарланған еңбек демалысына баратын азаматтардан толық төлем алған компания басшылығы бой көрсетпей, тасада жатыр. Жәбірленушілердің қоңыраулары мен хабарламаларына жауап бермей отыр, ал елордадағы кеңсесі жабық тұр. Тур агенттігі қанша адамды қандай сомаға алдап кеткенін білу үшін Azattyq Rýhy тілшісі оқиға орнына барып, мән-жайды сұрады.
Жанна Қамзина тамыздың ортасында Түркияға 3 адамның демалысын ұйымдастырып беруі үшін аталған туристік агенттіктің қызметіне жүгінеді. Нарықта 5-6 жыл жұмыс істейтін компания болған соң әрі пікірлері жақсы болған соң осы туристік фирманы таңдадым дейді.
«Мен өз отбасымдағы 3 адамдық турға 1,5 млн теңге төледім. Олар ақшаны жолдама үшін толық алады. 23 маусымда турды броньдау үшін туристік агенттіке хабарластым. Олар Түркиядағы тур опеартордан бізге орындарды алдын ала броньдады. Алайда 19 шілде күні броньдаған орнымыз жойылып кетіпті. Біз оларға (түркиялық тарап – авт.) хабарласқанда, ұйымдастырушы төлемеген соң броньді алып тастадық деп түсіндірді. Қазір біз тур сатқан адамдармен байланысқа шыға алмай отырмыз. Ол бізге ақшамызды қайтармай отыр. Компанияның заңгерлері қазір оларда қаржылық қиындықтар туындап, өздерінің жылжымайтын мүлкін сатып, біздің ақшамызды қайтаратынын айтқан. Алайда біз көп күте алмаймыз. Онсыз да біздің демалысымыздың күлі аспанға ұшты», - дейді Қамзина.
Демалысына жолдама алғандардың қарасы қазір 100 адамға жуықтаған. Сатып алған турдың бағасы да әртүрлі. 4 адамдық отбасы бар мүшелері екі ересек, екі бала үшін 2 млн теңгенің турын сатып алған.
Сондай-ақ тур операторы шетелдегі демалысты ұйымдастыру, туристік топ жасақтау бойынша курс та өткізген екен. Курс сатып алғандарлдың бірі - Наталья Горанская. Тур агенттігінен 850 мың теңгенің курсын сатып алып, қызметті де, ақшасын да ала алмай отыр.
«Мен instagram-дағы жарнамадан «Aydana Tour» туризм бойынша курс өткізетінін көріп, жүгіндім. Алдын ала курстың видеолары болды. Курсты Светлана Каплина өткізуі керек еді. Курстардың бағасы әртүрлі болды, мен бес жұлдызды қонақ үй туралы үйрететін курсын таңдап, 21 шілдеде басталатын оқу үшін бірден 850 мың теңге төледім. Бұл ақшаны өзім банктен бөліп төлеуге рәсімдеп алған едім», - дейді ол.
Наталья Горанская өзінің таныстарынан бұл турфирмада қазір қаржылай қиындықтар туындап, банкроттың алдында тұрғанын естіген. Одан кейін ол курстан өтуден бас тартатын арызды жазып, тур агенттіктің поштасына жолдайды.
«Әлеуметтік желіден курс сатып алғандар алданып, оқудан өтпегенін оқыдым. Ал осыған дейін курстан өткен «оқушылар» компанияға клиент тартып, оларға тур алып берген. Қазір солардың барлығы демалысқа бара алмай, қомақты қаржысын қайтара алмай отыр. Мен олардың әлеуметтік желідегі парақшаларының бәріне хат жазып, курстан өтпейтінімді айтып, ақшамды қайтаруымды сұрадым. Алайда ол тараптан ешбір жауап болмады. Сондықтан алданған көпшілікпен бірге кеңсесінің алдына келіп тұрмын. Мекеме болса жабық тұр, жұмыс істемейді», - дейді Наталья Горанская.
Светлана Каплинадан туризм бойынша курс сатып алғандардың ішінде қарағандылық Ульяна Котова да бар. Ол туристік агенттік ұйымдастыратын оқудан кейін, Түркияға жолдама рәсімдеген.
«Оқу өткен кезде осы турфирмадан жолдама сатып ала аласыңдар деп айтты. 27 маусымда мен оларға ақша аудардым, олар маған келісім шарт жіберді. Кейін осы агенттіктен алған туристер демалысқа бармай жатқанын естідім. 17 шілдеде Қарағандыдан Астанаға келдім. Маған келісім шартты бұзу керегін айтты, онда 14 күн өткен соң ақша қайтарылады деген. Алайда ақшаларын қайтарып беруге тиіс болған адамдар да осы жерде тұр. Олардың кейбіреуі қазір демалыста болуы керек еді», - дейді ол.
Дәл осы тур агенттігіне жүгініп, сан соққандардың ішінде зейнеткерлер де бар. Астана қаласының тұрғыны Роза Ақбергенова 70 жаста, Ақтауда тұратын құрбысымен бірге демалып, ем алу үшін Карловы Вары курорт аймағына бармақшы болған.
«16 маусымда агенттікке жүгіндім. Соманың 30 пайызын төлетті. Осылайша, құрбым екеуміз 700 мың теңге төледік. Бізге келісім шарт бермеді, тек шот түбіртегін жазып берді. Келісімді ақшасын толық төлеген соң аласыздар деді. Мен әлі уақыт бар ғой деп бейқам жүрдім. Шілде болғанда шенген визасын жасау керек деп турфирмаға қайта-қайта хабарластым. Менімен жұмыс істеген менеджер ауырып, ауруханаға түсіп қалды деді. Бірнеше күн өткен соң тағы қоңырау шалдым, алайда ешкім жауап бермеді. Кеше туристік агенттіктің кеңсесіне келсем, жабық тұр. Бүгін келсем, жиырма шақты адам жиналып қалған. Осы адамдардың бәрін алдап кетіпті. Біздің ақшамызды қайтауры керек. 100 мың зейнетақы алсақ, біз үшін 350 мың теңге қомақты сома. Сондықтан мәселенің шешілуі үшін көппен бірге байбалам салып жатырмыз», - дейді Роза Ақбергенова.
Алданған туристер туристік компанияның атына полицияға арыз жазған. Редакция осы істі назарда ұстап, құзырлы органнан қосымша комментарий алады.
Ал, біздің байқағанымыз, «Aydana Tour» агенттігінің сайты жұмыс істемей тұр. 2GIS карта қосымшасында Сығанақ мекенжайында орналасқан кеңсесесі жабылып қалғаны жазылған. Ал туристік агенттіктің instagram-дағы парақшасында ең соңғы жазба 18 маусымда жарияланған.