$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Ер адам істейтін жұмысты әйел де істей алады»: кен орнында жұмыс істейтін қыздың әңгімесі

Назерке бұл мамандықты неге таңдағанын айтып берді 

«Ер адам істейтін жұмысты әйел де істей алады»: кен орнында жұмыс істейтін қыздың әңгімесі
Фото: Назерке Ержанқызының жеке мұрағатынан

Назерке Ержанқызы Жезқазған мыс балқыту зауытында суық қож түсіретін маман ретінде 5 жыл қатарынан еңбек етіп келеді. Ол Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында бұл қызметті қалай таңдағанын, бұл таңдауы өміріне қалай әсер еткенін және жұмыста қандай қиындықтарға тап болатынын айтып берді.

Назерке Қарағанды облысы Қаржал қаласында 1992 жылы дүниеге келген.

«Отбасындағы төрт баланың тұңғышымын. Өзім тұрмыста емеспін. Жезқазған мыс балқыту зауытына 2019 жылдың 1 қазанында орналастым. Сол уақыттан бері үйінділерден қож түсіру мамандығы бойынша жұмыс істеп келемін. Зауыттағы жұмысқа дейін мектепте мұғалім болып еңбек еттім. Осы зауытқа қандай қырым ашылады екен деп өзімді сынап келген едім. Қазір бұл таңдауыма еш өкінбеймін», - дейді Назерке Ержанқызы.

Маманның айтуынша, оның міндетіне суық қожды шөміштен шығарып, оны түсіру кіреді. 

«Кен өндіру саласында тек ер адамдар ғана емес, әйелдер де жұмыс істеп жатыр. Цехте өзіммен қатар суық қожды түсіру мамандығы бойынша 10 әйел еңбек етеді. Қазір ер адамның жұмысын әйелдер де істей береді. Біздің қызметіміз қатты ауыр деп айта алмаймын. Әйелдің қауқары жететіндей жұмыс», - дейді ол.

Алайда ол жұмыс барысында форс-мажор жағдайлар да бар дейді.

«Жұмыс барысында түрлі күрделі жағдайлар кездеседі. Ыстық қожы бар шөміш ауып кетеді. Қож межелеген жеріне түспей, жол бойындағы электр жүйелерін зақымдауы мүмкін. Цехтен шөмішті локомотивтің көмегімен алып шығамыз», - дейді ол.

Айта кетейік, Жезқазған мыс балқыту зауыты шикізатты пайдаланудың жоғары жиынтығы бар заманауи кәсіпорын және мыс балқыту, мыс электролит және күкірт қышқылы өндірісін қамтиды. Зауытта еңбек жағдайлары мен технологиялық процестерді жақсарту үшін үнемі тиісті жұмыстар атқарылады.

Бүгінгі таңда мыс балқыту зауытының өнімдері бүкіл әлемге танымал. Мыс 99,99% сынамасы-өңірдің мыс флагманының визит карточкасы.

Еске салсақ, елімізде жыл сайын 15 шілдеді металлургтердің кәсіби мерекесі тойланады.

Бұл мерекенің қысқаша тарихына тоқталсақ, 1957 жылдың 28 қыркүйегінде КСРО экономикасының қалпына келуіне ықпал еткен кеңестік металлургиялық өнеркәсіпке құрмет ретінде КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумы Металлург күнін бекітті. Ол шілде айының үшінші жексенбісінде өтеді. КСРО тарағаннан кейін бұл мереке металлургия саласы елдің  экономикасында сүбелі рөл ойнайтын ТМД-ның барлық елдерінде сақталып қалды.

Қазақстанда Металлург күні Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 15 қарашадағы Жарлығына сәйкес тойланады.

Бұл мереке елімізде мыс өндіретін бірнеше саланың мамандары үшін кәсіби мереке. Яғни, осындай кен орындарында жұмыс істейтін еңбек адамдарынан бөлек, металлургия саласындағы ғылыми зерттеумен айналысын жүрген ғалымдардың да мерекесі. Металлургия Қазақстанның экономикасының дамуына зор үлес қосып отырған өнеркәсіп саласы.

Серіктес жаңалықтары