Кәрім Көкрекбаевқа қатысты ақтау үкімі неліктен жойылды: сот жауабы

Автор: Azattyq Rýhy

Осыған дейін 11 жылға сотталған іс фигуранттарына қатысты үкім де жойылған

Фото: president.kg

Сот Кәрім Көкрекбаевқа қатысты ақтау үкімінің жойылуын түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жоғарғы Сот ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ бұрынғы басшысы Кәрім Көкрекбаевқа қатысты ақтау үкімінің күшін жою туралы түсініктеме жариялады.

«Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің бұрынғы басшысы К., оның орынбасары А. және П.-ға қатысты қылмыстық істі Алматы облыстық соты апелляциялық тәртіпте қайта қарады.

Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алқабилерінің үкімімен (көпшілік дауыспен) А.және П. ҚК 366-бабының 4-бөлігі және ҚК 367-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

«К. оған тағылған айыптар бойынша ақталды. Облыстық сот алқасы істің материалдары мен тараптардың дәлелдерін зерттеп, К-ға қатысты ақтау үкімінің күшін жойды. Сондай-ақ, аса ірі мөлшерде пара бергені және пара алғаны үшін кінәлі деп танылған П. мен А.-ның соттылығы жойылды. Қылмыстық іс басты сот талқылауы сатысынан бастап сол сотқа өзге құрамда жаңа сот қарауына жіберілді», - делінген ақпаратта.

Ақтау үкімінің күшін жоюдың негіздері:

  • алқабилердің алдына қойылған сұрақтарды тұжырымдау кезіндегі бұзушылықтар;
  • дәлелдемелердің рұқсат етілуін бағалау кезіндегі бұзушылықтар;
  • үкімнің сипаттамалық бөлігінің қарар бөлігіне сәйкес келмеуі.

2024 жылдың 7 маусымында Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ бұрынғы басшысы Кәрім Көкрекбаевты сыбайлас жемқорлық ісі бойынша ақтаған. Оның орынбасары Ахатаев пара алғаны үшін, ал Bazis Construction Infr ЖШС филиалының директоры Поплавский аса ірі мөлшерде пара бергені үшін кінәлі деп танылып, екеуі де сот шешімімен 11 жылға сотталған.

Алматы облысының прокуратурасы бірінші сатыдағы соттың қателіктеріне байланысты Көкрекбаев үкіміне апелляциялық шағым түсірді.

2024 жылғы 25 шілдеде Алматы облыстық соты апелляцияны қанағаттандырып, істі қайтадан қарауға жіберді. Үкімнің күшін жойды. Кәрім Көкрекбаев сот залында қамауға алынды.