Арақ ішу денсаулыққа зиян – түнгі клубта мас күйінде ұсталған бас имамның уағызы тарады (ВИДЕО)
Бахытбек Тәжімбет енді Қостанай облысының бас имамы емес

Әлеуметтік желіде ішімдік ұрттап көлік жүргізгені үшін қамалған Қостанай облысының бұрынғы бас имамы Бахытбек Тәжімбеттің мешіт жамағатына арақ ішудің зияны туралы айтқан уағызы тарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бурабайда түнгі клубтың жанынан мас болып ұсталған экс-бас имамның видеосын Kayrat Rekaz есімді Facebook қолданушысы жариялады.
«Бас имамның, жоқ, кешіріңіздер, қателестім, мас имамның уағызын тыңдап көріңіздер. Иә, әлгі арақ ішіп, көлік жүргізіп, ұсталған имам», - деп жазды ол өз парақшасында.
Видеода мешітке келген жамағаттың алдында сөйлеп тұрған Бахытбек Тәжімбет алкогольдің денсаулыққа зияны туралы уағыз айтқан.
«Арақ ішпе дейді. Арақ ішкен адамның денсаулығы мықты болмайды ғой. Міне, Алла Тағаланың тыйымдарын қарасаңыз, құрметті, қадірлі жамағат, солардың барлығының астарында адамның денсаулығына үлкен зиян келтіретін нәрселердің шығатынын біз білеміз», - дейді бұрынғы бас имам.
Естеріңізге сала кетейік, Қостанай облысының бас имамы Бахытбек Тәжімбет 23 шілдеде түн ортасында Бурабайдағы түнгі клубтың жанында ұсталды. Ол 777DPA10 нөмірлі Toyota Highlander автокөлігін мас күйінде жүргізіп жүрген.
Заң бұзған бас имамды сот он бес тәулікке қамап, жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырды.
Дін қызметкері этикасын өрескел бұзған Бахытбек Тәжімбетті ҚМДБ қызметінен босатып, оның қылығы үшін мұсылман жамағатынан кешірім сұрады.