Қазақстанда сот-медицина сарапшылары жылына 24-25 мың мәйітті зерттейді – Руслан Сатывалдеев
Сонда Алматыда мәйітке сараптама жасау көрсеткіші Берлиннен асып кеткені рас па
Қазақстанда өлген кісінің денесіне сот-медициналық сараптама жасайтын 20 орталық бар. Өңірлердегі мәйітханалардың жағдайы мүшкіл. Мәселен, Алматыда бір ғасыр бұрын салынған ескі мәйітхана әлі күнге толық жөндеу көрмеген. Астанадағы сот сараптамалар орталығы директорының міндетін атқарушы Руслан Сатывалдеевтің пікірінше, Алматыдағы мәйітхананың ғимаратын толығымен жаңадан салу қажет, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Менің ойымша Алматыдағы ескі мәйітханан қайта салу керек. Адам денесіне сараптама жасау үшін мәйітті ашу зерттеудің ең шағын бөлігі ғана, негізінен лабораторияларда жасалатын сараптаманың 57 түрі бар. Оның бәрі бір орталықта жасалуы мүмкін немесе лабораториялар қаланың әр жерінде орналасады. Алматыда солай, ал Астанада бір ғимарттың ішінде жасалады.
Астанада 1958 жылы 180 мың мәйітке есептеп салған ескі сот-медициналық орталық істейтін. Қазір оның орнына жаңа мәйітхана салынып, жұмыс істеу жағдайы бұрынғыдан гөрі жақсарып қалды. Мамандардың көзі ашылды. Әділет министрлігінің қолдауы мен жергілікті атқарушы органдар мен әкімдіктердің есебінен өңірлердегі сот-медициналық орталықтарда күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Атырауда шағын мәйітхана салынды, Ақтөбе мен СҚО-да, барлық дерлік аудандық бөлімшелердегі мәйітханалар жөнделіп жатыр. ШҚО-ның бүкіл аудандық бөлімшелеріне жөндеу жұмыстарына миллиардтан астам қаражат бөлініп, жұмыс жүріп жатыр. Жыл соңынан дейін жөндеу жұмыстары аяқталады», - деді спикер.
Облыстық орталықтарындағы ауруханалардан басқа 70-ке жуық аудандық аурухана бөлімшелерінде экспертиза орталықтары бар. Олар әкімдіктерге қарайды. Руслан Сатывалдеевтің айтуынша, ол жерлерде мамандар аз, сондықтан мүрдені облыс орталығына тасуға тура келеді.
Ол сондай-ақ, сот-медициналық сарапшылардың жетіспеу себебін түсіндірді.
«Біріншіден, маман болып шығу үшін жылдар бойы оқу керек. Екіншіден, сот-медициналық сарапшының арқалайтын жүгі ауыр, жауапкершілігі көп. Олардың әр берген қорытындысы тергеудің алдынан, прокуратураның алдынан өтеді, жартысы сотқа жіберіледі. Эксперт шығарған қорытындысын дәлелдеуі керек. Үшіншіден, жұмыстың үлкен психоэмоционалды әсері бар. Суға кеткен, отқа түскен адам мүрделерін ашу оңай іс емес, әсіресе балалар мен жас әйелдерді, жеткіншектерді зерттеу моралдық тұрғыда қиын. Сондықтан бұл мамандық аса тартымды емес. Сот-медициналық сарапшы болу жүрек қалауымен үлкен қызығушылықпен келетін сала», - дейді Руслан Сатывалдеев.
Бұл саланың сарапшыларының жалақысы жоғары емес. Қазақстан бойынша 350 мың теңге болып бекітілген. Маманның біліктілігіне, тәжірибесіне, кезекшілік уақытына байланысты қосылатын өтемақылар бар. Сот-медициналық сараптама орталығының қызметкерлері тәулік бойына жұмыс істейді.
Біз орталық басшысынан атышулы «Бишімбаев ісінен» кейін танымал болған, өз ісінің білгірі сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаровтың «Алматы өлікке қымбат сараптама жасаудан Берлиннен озып кетті» деген зерттеуі туралы пікірін сұрап көрдік.
Спикердің айтуынша, Еуропа елдері мен Қазақстанның қылмыстық процессуалды заңы екі түрлі, сондықтан тіпті соғыс болып, күнде адам өлімі болып жатқан Израильде де мүрдеге сараптама аз жасалады.
«Біздің заң жүйеміз кеңестік заң жүйесінің өзгертілген түрі. Бізде сот-медициналық сараптамашыға денені зерттеуге беріп, сенім білідіреді. Ал Ұлыбритания, Германия сияқты елдерде бүкіл тергеу амалдарын жүргізіп барып, ең соңында сұрақтар қалғанда мәйітке сараптама жасайды. Бізде тергеу мен экспертиза қатар жүреді. Оның үстінен аталған еуропалық мемлекеттерде бәсекелестік деген бар. Соттасып жатқан тараптар әрқайсысы өзінің сарапшысын іске тарта алады. Екі жақтың сарапшылары өз шындығын дәлелдеуге барын салады. Бізде олай емес. Бір сарапшы қара қылды қақ бөліп, тек шындықты айтуы керек, егер қорытындысы жалған болса, оған басымен жауап береді. Екі жаққа да жақтаспайды, жақтасуға хақы жоқ. Қылмыстық процессуалды заңда осылай бекітілген. Мен де мәйітхананы толтыра беруді құптамаймын. Қазір виртуалды аутопсия деген бар, яғни компьютерлік томография. Бұл мәйітке пышақ тигізбей бас сүйектің ішіндегі гематома, жарылу, жарақаттарды анықтауға көмектеседі. Қазір компьютерлік томографияны енгізу жоба күйінде тұр. 2025 жылдың ішінде жобаны іске асыруға тырысамыз деп ойлаймын», - деді ол.
Оның үстіне Руслан Сатывалдеевтің сөзінше, мәйітке сараптама жасау-жасамауды полиция шешеді.
«Адам қайтыс болғанда оның денесінде зорлық-зомбылық іздері бар ма, жоқ па деп құқық қорғау органдары тексеріп, анықтайды. Бізге тек мәйітті береді. Сот-медициналық сарапшы денедегі жарақаттардың қандай екенін, себебін, адамның көз жұмған уақытын, механизмдерін анықтаймыз. Ары қарай тергеуші өлген адамның криминалды тарихы бар ма әлде оқыс оқиғадан қаза тапты ма, адам өзі құлап кетті ме әлде біреу итеріп жіберді ме деген сұрақтардың жауабын іздейді. Мәйітті сот-медициналық экспертизаға беру, бермеуді тергеуші шешеді. Егер зерттеу керек десе, сарапшы жұмысын жасауға міндетті», - дейді орталық басшысы.
Сот-медициналық сарапшылар жылына 24-25 мың мәйітке зерттеу жасайды, 72-78 мың жарақат алған адамдар осы мамандарға жүгінеді. Көз жұмған адамның денесіне сараптама жасауға 30 күн уақыт беріледі. Спикер «Бишімбаев сотында» Тахир Халимназаровтың қорытындыны өте сауатты, түсінікті етіп жеткізгені шынымен де сот-медициналық сараптама саласына қызығушылықты арттырып, мамандықтың имиджін көтергенін мойындады.
«Былтыр денсаулық сақтау министрлігі сот-медициналық сараптама мамандығына (резидентураға) 15 грант бөлген. Биыл 19 грант бөлді. Тахир Халимназаровтың соттағы сөзінен кейін осы салада оқуға қызығушылық білдіргендер артты. Жылдар бойы осы саладағы өз базамызды қалыптастырдық. Астанада, Семейде сот-медициналық сараптама кафедралары бар, Ақтөбеде де ашылып жатыр», - деді спикер.