Астанада көлік жарылысынан зардап шеккендердің бірі көз жұмды

Ер адам 31 мамырдан бері ауыр күйікпен жансақтау бөлімінде жатқан болатын

Астанада көлік жарылысынан зардап шеккендердің бірі көз жұмды
Фото: © istockphoto.com

Астанада Аманжолов көшесінде автокөліктің жарылуы мен одан кейінгі өрттен зардап шеккендердің бірі қайтыс болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Науқастың қайтыс болғаны туралы 8 маусым күні елордадағы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, зардап шеккен азамат №1 көпбейінді қалалық ауруханада ем қабылдаған. Оқиға салдарынан оның денесінің 90–95 пайызын күйік шалған.

Дәрігерлер көрсеткен медициналық көмекке қарамастан, науқас алған жарақаттарының салдарынан көз жұмған.

Еске салайық, 31 мамыр күні Сарыарқа ауданындағы Аманжолов көшесінде жеңіл автокөлік өртенген болатын. Өрт сөндірушілер келіп жеткенге дейін көлікте газ-ауа қоспасының жарылысы болып, кейін өрт шыққан.

Салдарынан автокөлік толығымен жанып кеткен. Сондай-ақ маңайда тұрған бірнеше көлік зақымданған.

Оқиғадан кейін Астанадағы медициналық мекемелерге бес адам – төрт ересек адам мен бір бала жеткізілген болатын.

Бұған дейін Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккендердің жағдайы ауыр, бірақ тұрақты екенін хабарлаған еді.

Қазіргі уақытта оқиғаның себептері анықталып жатыр. Тергеу жалғасуда.