Алматы облысында жер сілкінді
Жер сілкінісінің ошағы Алматыдан 111 шақырым жерде орналасқаны анықталды
Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Сейсмологиялық бақылау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы» ЖШС сейсмикалық станциялар желісі 8 маусым күні Астана уақытымен сағат 21:55-те Алматы облысында жер сілкінісін тіркеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жер сілкінісінің ошағы Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 111 шақырым жерде, Қазақстан аумағында орналасқан. Эпицентр координаттары – солтүстік ендіктің 42,920 градусы және шығыс бойлығының 78,188 градусы. Жер сілкінісінің ошағы 5 шақырым тереңдікте болған.
Алдын ала есеп бойынша, Алматы облысы Кеген ауданындағы Саты ауылында жер сілкінісінің қарқындылығы 2,5 баллды, ал осы ауданға қарасты Жалағаш ауылында 2 баллды құрады.
Жер сілкінісінен кейін «Қазселденқорғау» мамандары өзен арналарына, гидротехникалық құрылыстарға, көшкін және сел қаупі бар учаскелерге тексеру жүргізді. Сонымен қатар тіршілікті қамтамасыз ету нысандары көзбен шолып тексерілген.
Тексеру нәтижесінде ешқандай зақым анықталмаған. Барлық нысан штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Қираулар мен зардап шеккендер туралы ақпарат түспеген.
ТЖМ мәліметінше, жағдай тұрақты.
Айта кетейік, бұл соңғы күндері Қазақстанның оңтүстік-шығысында тіркелген екінші жер сілкінісі. Бұған дейін 4 маусым күні Алматы қаласының тұрғындары мен Алматы, Абай және Жетісу облыстарының бірқатар елді мекендерінің тұрғындары жерасты дүмпулерін сезген болатын.
Сол кезде жер сілкінісінің ең жоғары қарқындылығы Жетісу облысы Панфилов ауданындағы Жаркент қаласында 4 баллға жеткен. Ол кезде де зардап шеккендер мен қираулар туралы мәлімет тіркелмеген еді.