$ 538.54  628.31  6.7
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
24.07.2024, 18:00
Қоғам

Алматы облысында қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт салынады

Қалдықтардың бір бөлігінен электр энергиясы алынбақ

Алматы облысында қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт салынады
Фото: Azattyq Ruhy / Әсет Құндақбаев

Алматы облысының Іле ауданында қатты тұрмыстық қалдықтарды өндейтін заманауи және инновациялық зауыттың алғашқы кірпішін қалау шарасы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қалдықтарды өңдеу тиімділігін арттыру мақсатында «Қатты тұрмыстық қалдықтарды қалдықсыз өңдеу техно-экопаркін салу және іске қосу» жобасы жүзеге асырылады. Жиынға ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, сондай-ақ Алматы облысы әкімдігінің өкілдері қатысты.

«ADS Taza A’LEM» ЖШС директоры Ерлан Дүйсебаевтың айтуынша, зауыт күнделікті және осы уақытқа дейін полигонда жиналған қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеуге арналған.

«Күнделікті өңдеу қуаттылығы 700 тоннаға жетеді. Құрылыс, өндірістік және күнделікті қалдықтарды сұрыптап, өңдеп, қажетін қайталама шикізат ретінде жібереміз, ал қалғанынан жағу арқылы электр қуатын шығарамыз. Электр қуатын шығару қуаттылығы сағатына 18 мегаватт», - дейді Дүйсебаев.

Оның айтуынша, зауыттың жалпы құны 32 млрд 600 млн теңгені құрайды. Жобаны іске асыруға серіктес ретінде Ресей және Түркия елдері де тартылған. Зауыт құрылысын 2025 жылдың үшінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр.

«Биыл төртінші тоқсанда сұрыптау желісін іске қосамыз деген жоспар бар. Сұрыптау желісінің толық қуаттылығы жылына 120 мың тонна», - дейді ЖШС директоры.

Болашақта зауыт 170-180 адамды жұмыспен қамтымақ.

Осы жоба 2025 жылға қарай қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін 34 пайызға дейін жеткізеді.

Зауыт құрылысы қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына кері әсерді айтарлықтай азайтады. Яғни полигондарда тұрмыстық қатты қалдықтар аз жиналып, ауа сапасы жақсарады.

Серіктес жаңалықтары