Жаңа аналитикалық құжатта үкіметтерге арналған алты ұсыныс баяндалған
ЮНИСЕФ бүгін жариялаған 23 елден алынған мәліметтерге жасалған жаңа талдауға сәйкес, 2021 жылы Еуропада және Орталық Азияда ауа температурасының көтерілуі 377 баланың өліміне себепші болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Еуропа мен Орталық Азиядағы балалардың жартысына жуығы немесе 92 миллион бала жиі болатын аптап ыстық ауа райы әсерінің құрбаны болып жатыр, ал аталған аймақтағы температура дүние жүзінде ең жылдам қарқынмен көтеріліп жатыр. Барған сайын жоғарылап бара жатқан температураның әсері, тіпті, қысқа уақыт аралығында болса да, балалардың, әсіресе, ең кішкентай балалардың денсаулығына ауыр нұқсан келтіруі мүмкін. Медициналық көмек көрсетілмесе, мұндай нұқсан өмірге қауіп төндіруі мүмкін», - деп атап өтті Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық ЮНИСЕФ директоры Реджина Де Доминичис.
Жоғары температураның әсері, тіпті, жатыр ішінде де балаларға қатты әсер етеді, соның салдарынан мерзімінен бұрын босануға, туу кезінде салмақтың төмен болуына, өлі тууға және туа біткен ауытқуларға әкелуі мүмкін.
Аптап ыстық тудыратын стресс - нәрестелер өлімінің тікелей себебі, баланың өсуіне теріс әсер етуі мүмкін және балаларда болатын бірқатар ауруға жол ашуы ықтимал.
Ауа температурасы күн санап көтеріліп жатқанына байланысты ЮНИСЕФ Еуропа мен Орталық Азия елдерінің үкіметтерін шектен тыс аптап ыстықтың әсерін азайту стратегияларын, соның ішінде ұлттық деңгейде айқындалатын үлестердің (ҰДАҮ), ұлттық бейімделу жоспарларының (ҰБЖ), сонымен қатар табиғи апаттар қаупін азайту және олардың салдарын жою стратегияларының көмегімен балаларға ерекше көңіл бөле отырып қолданысқа енгізуді қамтамасыз етуге үндейді.
Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілдігі Денсаулық сақтау министрлігімен бірге патронаж мейірбикелерін ата-аналар мен тәрбиешілерге баланың денсаулығы мен хал-жағдайына әсер ететін аптап ыстық толқындардың қауіпті белгілерін анықтауға және ыстық тудыратын стресске қарсы тиісті шара қолдануға көмектесетін қажетті дағдылармен, біліммен және ақпараттық құралдармен қамтамасыз ету үшін жұмыс істейді. Қазіргі уақытта Қазақстандағы ЮНИСЕФ Өкілдігі аптап ыстық толқындары және оларға төзімділік туралы арнайы модульді әзірлеуге және патронаж мейірбикелерін оқыту бағдарламасына енгізуге қолдау көрсетіп жатыр.