Алматы облысының тұрғыны бір сәтте көпбалалы ана атанды

Ол дүниеге үшем әкелді

Алматы облысының тұрғыны бір сәтте көпбалалы ана атанды
Көрнекі фото

Алматы облысы Ескелді би ауданында 33 жастағы келіншек үшем босанды. Сәбилердің үшеуі де ұл бала. Кесарь тілігі арқылы дүниеге келген. Шақалақтың бірі 2 келі болса, қалған екеуінің салмағы 1 келі 800 грамнан.

Үшемнің анасы мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Оның бұған дейін екі баласы болған. Енді ол – көпбалалы ана.

«Ескелді би ауданына қарасты Алдабергенов ауылдық округінің тұрғыны, 33 жастағы ана үш ұлды дүниеге әкелді. Қазіргі таңда дәрігерлер балаларға ерекше күтім жасап жатыр. Маржан Имангабулова мектепте ағылшын тілінен сабақ береді. Бұл отбасының бұрыннан 2 баласы бар. Бір күн ішінде Маржан көпбалалы ана атанды», - деді Алматы облысы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ләйлім Әубәкірова.

Үшем мен олардың анасы перзентханадан қашан шығатыны белгісіз. Олар біраз уақыт дәрігерлердің бақылауында болады.

Айта кетейік, карантин енгізілген уақыттан бері бұл Алматы облысында тіркелген екінші оқиға. Бұған дейін Жамбыл ауданының тұрғыны да үшемді дүниге әкелген еді.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.