Нұр-Сұлтанда лаңкестерге қатысты атышулы сот отырысы басталды

Автор: Azattyq Rýhy

Сотқа Сириядан қайтарылған 14 Қазақстан азаматы тартылып отыр

Елорданың мамандандырылған ауданаралық соты «Жусан» операциясы арқылы елге қайтарылған 14 қазақстандыққа қатысты сот отырысын өткізіп жатыр. Олар  Қазақстанда тыйым салынған ДАИШ лаңкестік ұйымына қатысы бар деген күдікке ілінген. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше сотталушыларға лаңкестік қылмыс жасады, терроризмді насихаттады, лаңкестерді жалдау және басқа да ауыр қылмыстарға барған деген айып тағылып отыр.

Процесс сот ғимаратында емес, қала шетіндегі ЕЦ 166/10 қатаң режимдегі түрме ғимаратында өтіп жатыр

Істі қарап жатқан судья – Әділ Шайхисламов. Оның айтуынша, бүгін сот залында 13 айыпталушы бар, біреуі Сирияда алған жарақатына байланыста госпитальда жатыр

Айыпталушылардың бірі мүгедек. Ол сот процесіне видео арқылы қосылды. Қарындасының айтуынша күдікті мамыр айынан бері тергеу абақтысында жатыр. Жүріп-тұруға мұршасы келмейді.

Сотталушылар залға қарулы күзетпен жеткізілді

Еске салайық, жақында Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Жусан» операциясы аясында Қазақстанға Сириядан 595 қазақстандық азаматты қайтарған. Оның 400-і балалар. Сыртқы істер министрлігі күрделі операцияға бірнеше ел көмектескенін, оның ішінде АҚШ та барын айтқан. Бұған дейін 10 ер және 5 әйел адам Қазақстанда тыйым салынған ДАИШ ұйымына қатысы бар деген айыппен сотталып кетті.

Ауыр қылмыс жасады деп айып тағылған 14 күдіктінің аты-жөні төменде:

1) Алтаев Данияр Қанатұлы - 1992 жылы туған, лақап аты Абу-Юсуф. Сирияға 2013 жылы кеткен.

2) Амангелді Абзал Маратұлы - 1997 жылы туған, лақап аты Абу-Омар, Сирияға 2015 жылы ата-анасымен аттанған.

3) Айыпқалиев Ермұқан Темірланұлы - 1985 жылы туған, лақап аты Исмаил. Тергеу мәліметтері оның Сирияға 2014 жылы кеткенін айтады.

4) Әбілқайыров Тұрлан Жалғасұлы - 1994 жылы туған, 2014 жылы әйелі және кәмелекет толмаған баласын алып Сирияға кеткен.

5) Әжмәмбетов Жандос - 1990 жылы туған, лақап аты Хасан. 2013 жылы теологиялық білім алу үшін Египетке аттанып, ары қарай Сирияға өтіп кеткен.

6) Бақытжанов Ғазинұр Құлмашұлы – 1969 жылы дүниеге келген, лақап аты – Абу-Сулейман, Бабай.

7) Жансеңгіров Аманжол Алпамысұлы – 1986 жылы туған, лақап аты Абулхафис. Осыдан 8 жыл бұрын Ауғанстанға аттанып, 2013 жылы Сирия жеріне өткен.

8) Ибраев Бақтияр Мәмбетұлы – 1984 жылы туған, лақап аты Абу-Али. 2009 жылы Ауғанстан мен Пәкістан шекара аумағына өтіп, ары қарай Сирияға кеткен.

9) Қамалов Нұрлан Аманұлы – 1978 жылы дүниеге келген, лақап аты Абдулла, Қожеке, Абу-Абдулла. 2011 жылы Дубайға аттанып, 2014 жылы Сирияға кеткен.

10) Қуанов Руслан Ерболұлы – 1991 жылы туған, Ақтөбе облысының тумасы. Лақап аты Аббас. Осы жылдың мамырында күрд жасақтары орнласқан әл-Хол лагерьлерінің бірінен елге қайтарылған. Ол да 2012 теологиялық білім алу үшін Египетке аттанып, ары қарай Сирия асқан.

11) Нарботин Алмас Балғабайұлы – 1986 жылы туған, лақап аты Солих-медик. Осыдан алты жыл бұрын Сирияға аттанған.

12) Сәбитұлы Дәурен – 1988 жылы туған. Дамаскідегі (Сирия) теологиялық университтерде білім алған, салафизм ағымын ұстанушы.

13) Сәдуақасов Думан Серікұлы – 1990 жылы дүниеге келген. 2016 жылы отбасымен бірге Қазақстанды тастап шыққан.

14) Төреханов Данабек Маратұлы – 1987 жылы дүниеге келген, Ақтөбе облысының тумасы. 2011 жылы ағасымен бірге Сирияға аттанған.

Осы тізімдегілердің ішінде Айыпқалиев Ермұқан есімді күдікті бүгінгі сот отырысына видео арқылы байланысқа шықты. Істі қарап жатқан судьяның айтуынша, ол Сирияда ауыр жарақат алған, қазір денесінің 30 пайызы ғана қимылдауға келеді.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан