Қостанайда 100 бос жұмыс орнына 25 адамнан, ал Маңғыстауда 215 адамнан келеді
Қазақстанда жұмыс іздеушіге қарағанда жұмыс саны көп. 100 бос жұмыс орнына бар болғаны 69 резюме түседі. Сұранысқа ие мамандықтар – күзетші, автожүргізуші және медбике
2019 жылдың екінші тоқсаны бойынша еліміздегі жұмыссыздардың қатары 0,1%-ға артып, 441,8 мың адамды құраған. Алайда, экономикалық белсенді халық санының 1,4%-ға артуына байланысты соңғы бір жылда жұмыссыздардың қатары да 4,9%-дан 4,8%-ға дейін қысқарған. Бұл туралы FINPROM жазады.
2019 жылдың ІІ тоқсанының қорытындысы бойынша жұмыссыз жүрген ер адамдардың үлесі 47,8%-ға (211 мың адам) жеткен, ал әйелдердің үлесі — 52,2% (230,8 мың адам). 15-28 жас аралығындағы жұмыссыз жас азаматтардың үлесі 18,4% (81,1 мың), аталмыш жас аралығындағы азаматшалардың үлесі 3,7% (жыл бұрын 3,9% болған).
Аймақтар бойынша алсақ, жұмыссыздық жайлаған өңір деп Алматы қаласын алуға болады - 50,3 мың адам (бір жыл бұрын 49,6 мың болған). 9 айдың қорытындысы бойынша 33,1 мың алматылық 201-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, 21,6 мың адам жұмыс тауып, соның ішінде 16,3 мың адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Жұмыссыздық жайлаған өңірлердің қатарына Алматы облысы (48 мың) мен Түркістан облысы (42,1 мың) да кіреді.
Қазіргі уақытта жұмыс іздеушілер арнайы сайттар немесе қосымшалар арқылы жұмыс іздейді. Үшінші тоқсанда электрондық еңбек биржасында 169,9 мың бос жұмыс орындары жарияланып, 116,9 мың резюме түскен. Бұл дегеніміз, орташа есеппен 100 бос жұмыс орнына бар болғаны 69 резюмеден келеді дегенді білдіреді, сондай-ақ елімізде кадр тапшылығын көрсетеді. Мәселен, Қостанай облысында 100 бос жұмыс орнына 25, Нұр-Сұлтанда – 29, Павлодар облысында – 49 адамнан келеді.
Тек төрт өңірде ғана жұмыс іздеушілер көп. Мәселен, Маңғыстау облысында 100 бос жұмыс орнына 215 резюме, Қызылорда облысында — 200 резюме, Түркістан облысында — 147, Шымкент қаласында — 109 резюме түседі.
Ең көп сұранысқа ие мамандықтар – күзетші (5,4 мың вакансия), автожүргізуші (4,2 мың), медбике (4 мың), тәрбиеші (3,9 мың), бастауыш сынып оқытушысы (3,6 мың).
2019 жылдың ІІ тоқсаны бойынша еліміздегі жұмыспен қамтылған адамдардың қатары 8,8 млн адамға жеткен – бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 1,5%-ға көп. Соның ішінде 6,7 млн адам – жалдамалы жұмысшылар, ал өзін-өзі қамтығандардың қатары 2,1 млн адамды құрайды.