Кешір бізді, чемпион! – Алты жыл бұрын дәл осы күні Денис Тен көз жұмған еді
Спортшы бар болғаны 25 жасында кісі қолынан өлген еді
Бүгін әйгілі мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің көз жұмған күні. Блогер Александр Цой спортшының өлген күні туралы өзінің Facebook парақшасына естелік жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Сол сәтте Мега Паркте жүрген едім. Сұмдық хабарды естігеннен кейін бүкіл ойын-сауық орталығында музыка тоқтады, дүкендердің жарығы өшті, адамдар сол жерде жылап жатты… Денис мейірім мен еңбекқорлықтың, таланттың жаршысы еді. Кенеттен ол жоқ болып кетті. Мен әлі күнге дейін бұл қазаға сене алмаймын. Бір қалжыңбастың сәтсіз әзілі сияқты көрінеді. «Достар, мен ешқайда кетпедім. Сендерге айтар жаңалығым көп» деп кіріп келетін сияқты. «Денис, біздің мұнда не ойлағанымызды білмейсің ғой!» деп жамырай қарсы аламыз, сосын бүкіл қайғы сейілетін сияқты. Денис бұл әлемге қайтадан жарық сәуле, үйлесім, сүйкім мен махаббат әкелуін жалғастыра түседі. Бірақ бұлай болмайды… Кешір бізді, чемпион!»
Денис Тен – мұз үстінде мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанның атын алғаш әлемге танытқан жарық жұлдыз еді. 2014 жылы мәнерлеп сырғанаудан Сочи олимпиадасының қола жүлдегері атанып, 2013 жылғы әлем чемпионатында күміс медальға ие болды. VII қысқы Азия ойындарында мәнерлеп сырғанаудан чемпион атанған. Қазақстанның үш дүркін чемпионы. Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
Спортшыны 2018 жылы 19 шілдеде Алматыда пышақтап, өлтіріп кетті.