ІІМ жүргізуші куәлігін алуға көмектесетін «алаяқтар» туралы ескертеді
Мұндай тәсілмен жүргізуші куәлігін алу мүмкін емес
https://polisia.kz/iim-zhurgizushi-kualigin-alugha-komektesetin-alayaqtar-turaly-eskertedi/Әлеуметтік желілерде белгілі бір сыйақы үшін жүргізуші куәлігін алуға көмек көрсететіндер туралы ақпараттар таралуда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
«Осындай заңсыз әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік көзделеді. Алаяқтардың алдын ала төлемді сұрап алып, артынан ізін суытатынын да атап кеткен жөн. Осыған байланысты ІІМ азаматтарды мұқият болуға және күмәнді келісімдерден аулақ болуға шақырады. Мұндай тәсілмен жүргізуші куәлігін алу мүмкін емес», – деп атап өтті ведомствода.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүргізуші куәлігін алу үшін автомектепте оқудан өтіп, қажетті санат бойынша курсты аяқтағаны туралы куәлік алу қажет.
Кейін сол санат бойынша теориялық және практикалық емтихандарды тапсыру үшін арнайы ХҚКО-ға жүгіну керек. Ол үшін жеке басты куәландыратын құжаттарды, автомектепте оқу курстарын аяқтағаны туралы куәлікті, медициналық анықтаманы, жүргізуші куәлігін дайындау үшін мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртекті ұсыну қажет.
Емтихандарды сәтті тапсырған жағдайда азаматқа көлік құралын басқаруға арналған жүргізуші куәлігі беріледі. Бұл міндетті рәсімдер.
«Күдікті ұсыныстар анықталған жағдайда дереу полицияға хабарласу қажет», – деді ІІМ-де.