Шымкентте «Таза бейсенбі» акциясына танымал тұлғалар қатысты

Автор: Azattyq Rýhy

Акцияға 400-ге жуық адам қатысты

Фото: AMANAT партиясының баспасөз қызметі

Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясындағы AMANAT партиясының «Таза бейсенбі» акциясы жалғасуда. Шымкент қаласында бүгінгі тазалық жұмыстары Абай ауданына қарасты А2 тас жолы бойында жүргізілді. Игі іске партия мүшелерінен бөлек, өнер жұлдыздары мен танымал спортшылар да атсалысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Акцияға 400-ге жуық адам қатысты. Олардың қатарында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Данабек Исабеков, партияның Шымкент қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұрат Жолдыхожаев, қалалық фракция жетекшісі Қайрат Имашев, ардагерлер, мәслихат депутаттары, партия қызметкерлері, «Jasyl el» еңбек жасағы және «Жастар Рухы» ЖҚ белсенділері бар.

Бұдан бөлек, танымал спорт майталмандары Арман Оспанов, Сұлтан Заурбек, Жазира Жаппарқұл,сондай-ақ кинорежиссер Марат Достаев, «Миллион» әзілкештер командасы және жайдарманшылар да жол бойын түрлі қоқыстардан тазартып, игі іске үлестерін қосты.

«AMANAT» партиясының ұзақ мерзімге жоспарланған экологиялық акциясы барысында партияластар аптаның әр бейсенбісінде  бекітілген учаскелерде тәртіп пен тазалықты сақтауды қамтамасыз етуде. Партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасында өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту бойынша ауқымды міндеттері тұр. Бүгінгі таңда жүргізіліп жатқан аумақтарды, өзен-көлдердің жағалауын тазарту, қала көшелерін көгалдандыру жұмыстары осы міндеттерге айтарлықтай үлес қоспақ», - деді партияның Шымкент қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұрат Жолдыхожаев.

Осылайша, бірлескен күштің арқасында барлығы 2 тоннаға жуық қоқыс жиналып, қалдықтар қайта өңдеуге жіберілді.

Айта кетейік, акцияның басты мақсаты – жаңа экологиялық сана қалыптастырып, азаматтардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру. Яғни айналаны қоқыстардан тазартып қана қоймай, қоғамдағы вандализмге жол бермейтін тәртіпті орнату қажет.