Коронавирус: Алматыда 6 адам жазылып шықты, 3 науқас ауыр халде жатыр
Мегаполисте COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны 924 адамға жетті

Алматы қаласында 28 сәуір күні коронавирустық инфекцияны жұқтырудың 43 жаңа жағдайы анықталды. Олардың барлығы вирус жұқтырған науқаспен байланыста болғандар қатарынан, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Індет жұқтырған науқастармен байланыста болғандардың ішіндегі ең үлкені – 1944 жылғы зейнеткер, ең жасы кішісі – 2 жастағы пациент.
Сондай-ақ, Алматыда коронавирустық инфекциядан тағы 6 пациент сауығып емдеуден шығарылды.
Қазіргі уақытта мегаполисте жазылып, емдеуден шығарылғандар саны – 102 адам.
«Біріншісі, 30 наурызда Ыстамбұл – Куала-Лумпур – Алматы рейсімен ұшып келген 24 жасар қыз. Ұшып келген соң стационарға карантинге орналастырылды, бірінші тесті теріс нәтиже көрсеткен, 10 сәуірдегісі оң нәтиже көрсеткен. Емдеу18 күн ішінде жеңіл түрде өтті.
Екіншісі, 16 наурызда круиз лайнерімен келген 1953 жылы туған әйел. Ол келген соң карантинде болды, бірінші тесті теріс нәтиже көрсетті, кезекті тесті 28 наурыз күні оң нәтиже көрсеткен. Пациенттің сырқаты ауыр түрде өтті. Диагнозы: екіжақты полисегментарлы пневмониямен COVID-19 вирусы. Бүгінгі күні пациент өзін жақсы сезінеді. Соңғы рет жасалған рентгенінде пневмония табылмаған. Емдеу 31 күнге созылды.
Үшіншісі, аурудың жеңіл жүруімен №11 қалалық емхананың 38 жастағы медицина қызметкері. Ол емдеуде 17 күн болған.
Сондай-ақ, төртінші науқас – 26 наурызда Мәскеуден ұшып келген 1963 жылы туған әйел. Ол келген соң стационарға карантинге орналастырылды. 27 наурыздағы тесті оң нәтиже көрсетті. Емделуде 32 күн болды, жай-күйі орташа ауырлық дәрежесі ретінде бағаланды, сол жақты төменгі үлестік бронх пневмониясы болған.
Бесіншісі – 1984 жылы туған, Алматы көпбейіндік клиникалық ауруханасынан ауыстырылған әйел. Алматы облысының тұрғыны. Сырқаты ауыр түрде өтті. Екі жақты полисегментарлы пневмониясы болған. Емі 32 күнге созылды.
Алтыншысы, бұл 11 сәуірде емдеуге келіп түскен, жүктіліктің 6 аптасындағы 33 жасар әйел», - делінген хабарламада..
Дәрігердер инкубациялық кезеңнің 1-ден 14 күнге дейін ауытқитынын еске салады. Сондықтан осы уақыт ішінде COVID-19 вирусы анықталуы мүмкін.
Барлық емдеуден жазылып шығарылған пациенттер 14 күндік үй карантинінде болады.
Қазіргі уақытта инфекциялық стационарларда коронавирустық инфекциядан 809 пациент емделуде. Олардың үшеуінің жай-күйі – аса ауыр, 26 адамда – ауыр, 228 адамда – ауырлықтың орташа дәрежесінде және қалғандары қанағаттанарлық деп бағалануда.
Үш пациент тыныс алу жетіспеушілігіне байланысты ӨЖЖ аппаратына қосылған, олардың екеуі аса ауыр және біреуі ауыр халде.
Провизорлық госпитальдерде 426 адам жатыр, оның ішінде 15-і бала, карантиндік оқшаулауда 304 адам, үй карантинінде 11 694 азамат бар.