Жапаров ұлы өлгенде мал шалып, бауырсақ пісіртпеген - қырғыздар молалардың дизайнын өзгертпек
Садыр Жапаров қырғыздар бейітті арабтар сияқты салу керек дейді
Қырғыздар молалардың дизайнын өзгертуге бекініп отыр. Президент Садыр Жапаров үлкен күмбезді бейіт салу ысырапшылдық қана емес, ислам қағидасына да сай келмейтін әрекет деп сынаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24.kg онлайн басылымына сілтеме жасай отырып.
«Кейбір қабірлерге күмбез қойып, екі қабатты үйдің орнына салады. Сосын ол жер пайдаланылмай жатады. Мен президент бола тұра олай істемеймін, қарапайым халық та олай істемеуі керек. Бұл жерде мәселе ысырапшылдықта ғана емес, бұл ислам ережесіне де сәйкес келмейді», - деді Жапаров.
Қырғыз президенті өз әкесінің 90-жылдары Меккеге барып, адам жерлеу туралы ойының өзгеріп келгенін айтқан. Сөзінше, арабтар моланы қоршап, құлпытас қоймайды екен. Содан кейін президенттің әжесі мен атасының бейітіндегі жаназалық атрибутикаларды алып тастапты.
Садыр Жапаров 2019 жылы Дастан атты ұлы қайтыс болғанда оған ешқандай құлпытас қоймағанын еске алған, тіпті құрбан шалып, бауырсақ та пісіртпеген.
Қазір Қырғызстанның шенеуніктері моланың дизайнын өзгертуге байланысты Жапаровтың тапсырмасын орындауға кіріспек.