Қарағанды облысында 19 мектеп директоры әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Мектептің бірінде ішек таяқшасы бактериялары анықталды
Қарағанды облысының Нұра ауданында 19 мектеп директоры әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Нұра ауданының прокуратурасы аудандағы білім беру ұйымдарында өткізген тексеру нәтижесінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылау, өрт қауіпсіздігі және денсаулық сақтау салаларындағы көптеген заң бұзушылықты анықтады», - деп хабарлады прокуратура.
Атап айтқанда:
- Ауданның кейбір мектептерінде жарамдылық мерзімі өтіп кеткен дәрілік құралдар табылды.
- Белгіленген стандарттарға сәйкес келмейтін дезинфекциялық ерітінділер анықталды.
- Мектептердің бірінде ішек таяқшасы бактериялары анықталды.
«Аудан прокуратурасының қадағалау актісі негізінде барлық анықталған бұзушылықтар жойылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2000-нан астам кәмелетке толмағандардың құқықтары қорғалды», - дейді прокуратура.
Тексеру нәтижелері бойынша өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін 19 мектеп директоры әкімшілік жауапкершілікке, 17 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.