Биылдан бастап мемтапсырыс арқылы көлік сатып алуға енгізілген мораторий аяқталды
Ақтөбе облысы әкімдігінің іс басқармасы мемлекеттік сатып алу порталына жариялаған лоттарға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ақтөбе облысы әкімдігінің іс басқармасы» КММ мәлімдемесінде өңір әкімдігінің автопаркі 7 жылға жуық жаңармағаны хабарлаған.
«Ақтөбе облысы әкімдігінің автопаркі 2018 жылдан бері жаңармаған, көліктердің әрқайсысы 350 000 шақырымнан астам жол жүрген. Сол себепті, аталған техникалардың бұзылуы жиілеп, қайта жөндеу жұмыстары мен көлік бөлшектерінің қымбаттауы орын алды», - делінген хабарламада.
Басқарма атап өткендей, мемлекеттік тапсырыс арқылы көлік сатып алуға енгізілген мораторий биыл ғана күшін жойып жатыр. Сонымен қатар, олар автокөліктер қызметтік тапсырмаларды орындау үшін аумақтық және арнайы органдардың қажеттіліктеріне байланысты берілетіндігін еске салып отыр.
«Өздеріңізге мәлім, осыған дейін «Орталық, жергілікті мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің шығыстарын қысқарту жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 25 мамырдағы №108 Өкіміне сәйкес мемлекеттік тапсырыс арқылы көлік сатып алуға мораторий жарияланған болатын. Биыл жаңа автомобильдер сатып алуға мораторийдің аяқталуына байланысты қызметтік қажеттілікке орай автопаркті жаңарту қажеттілігі туындап отыр», - делінген әкімдік берген түсініктемеде.
Бұған дейін, 45 жастағы Асхат Шахаров басқарып отырған Ақтөбе облысының әкімдігі бюджет қаражаты есебінен 23 жаңа автокөлікті жарты млрд теңгеге сатып алуға конкурс жариялағанын жазған едік.