Эксклюзив: Ақтөбе облысының әкімдігі 418 млн теңгеге жиырмашақты кроссовер сатып алмақ

Темірхан Айжан

Әкімдік 4 седан, 19 кроссовер көлігіне тапсырыс берген

Эксклюзив: Ақтөбе облысының әкімдігі 418 млн теңгеге жиырмашақты кроссовер сатып алмақ
Фото: istockphoto.com

Ақтөбе облысының әкімдігі 418 260 000 теңгеге 23 жеңіл көлік сатып алмақ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бүгін өңірдің әкімдігі мемлекеттік сатып алу порталына 3 түрлі лотқа конкурс жариялады. Үшеуі де жеңіл автокөлік, тек бағасы мен маркалары ерекшеленеді.

«Ақтөбе облысы әкімдігінің іс басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі үшін алғашқы лотта әрқайсысы 15 690 000 теңгелік 4 седан автоматты автокөлігі, екіншісінде әрқайсысы 19 000 000 теңге тұратын 14 кроссовер, үшінші лотта әрқайсысы 17 900 000 теңгелік 5 дана кроссоверге тапсырыс берілген.

Ақтөбе облысының әкімдігі алып жатқан жеңіл машиналардың қандай мақсатта және кімдерге арналатыны белгісіз.

Конкурстың ұзақтығы – 14 күн.

Айта кетейік, Ақтөбе облысының әкімі 45 жастағы Асхат Шахаров. Ол Ресейдегі Орынбор облысының тумасы. Мансап жолында аздаған уақытта өрге көтерілген Шахаров 2000 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің оқытушысы болған, ал 2013 жылы Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе, Бәйтерек аудандарының әкімі болады. 2020 – 2022 жылдары Ақтөбенің әкімі болып қызмет етсе, былтырғы күзден бастап өңірдің әкімі болып тағайындалды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.