42 500 теңге әлеуметтік көмек 4,3 млн-ға жуық адамға тағайындалған
Министрлік 3,6 млн адамның өтінімінен бас тартқан
Төтенше жағдайдың жариялануына байланысты табысынан айырылған 4,28 миллионнан астам қазақстандық 42 500 теңге көлемінде жәрдемақы алды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомство мәлім еткендей, 28 сәуірдегі жағдай бойынша, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) 4 млн 280 мыңнан астам қазақстандыққа әлеуметтік төлем тағайындалды. Бүгінге дейін 42 500 теңге мөлшеріндегі төлемді алуға барлығы 8 млн 24 мың азаматтан өтініш түскен.
Әлеуметтік көмек алуға ең көп өтініш берген өңірлер:
- Алматы облысы - 1 млн 45 мың;
- Түркістан облысы - 999,7 мың;
- Алматы қаласы - 896,6 мың;
- Нұр-Сұлтан қаласы - 594,6 мың;
- Шымкент қаласы - 534,5 мың.
Ал, ең көп жәрдемақы тағайындалған өңірлер:
- Алматы облысы – 624,2 мың;
- Түркістан облысы – 511,2 мың;
- Алматы қаласы – 413,2 мың.
Министрлік келіп түскен 3 млн 658 мың өтінім бойынша 42 500 теңге тағайындаудан бас тартқан. Бас тартуға себеп болған жағдайлар:
- өтініш берушінің жеке деректерінің дұрыс көрсетілмеуі;
- банктік шот нөмірінің дұрыс көрсетілмеуі;
- өтініш берушіде тұрақты жалақысының болуы (оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері);
- өтініш берушінің төтенше жағдай енгізілгенге дейін ресми жұмыс жасамаған зейнетақы мен жәрдемақы алушы болып табылуы;
- өтініш беруші үшін төтенше жағдай режимін енгізгенге дейін соңғы 12 ай ішінде міндетті әлеуметтік аударымдардың, зейнетақы жарналарының жүргізілмеуі, БЖТ төлемеу немесе бейресми өзін-өзі жұмыспен қамғандардың өтініш бергенге дейін БЖТ төлемеуі;
- өтініш берушінің қайтыс болуы немесе Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерге тұрақты тұруға кетуі.
Еске сала кетейік, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеме жасап, Қазақстанда төтенше жағдай режимі 11 мамырға дейін ұзартылатынын хабарлады. Сондай-ақ келесі айда да табысынан айырылған азаматтарға 42 500 теңге көлемінде көмек берілетінін жеткізді.