Ұлы Отан соғысында қаза тапқан қазақ сарбазының сүйегі Воронеж облысынан табылды

Автор: Azattyq Rýhy

Туыстары оны туған жеріне әкеліп, арулап қайта жерлемек

Алматы қаласы бойынша Қорғаныс істері жөніндегі департаментінен

Екінші дүниежүзілік соғыста шейт болған қазақ сарбазының сүйегі 77 жылдан соң туған жеріне жетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Мазыбаев Сүйінбай 1919 жылы Алматы облысы Ұйғыр ауданы Сүмбе ауылында қарапайым шаруа отбасында туған. Бозбала шағы туған жерінде өткен жігіт 1941 жылы бауырлары Ұзақбай, Тұңғышбай Нүсіпбаевтармен бірге Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанады. Бір әулеттің үш бірдей оғланы соғыста қаза болып, Ұзақбай Нүсіпбаевтың сүйегі Украинада жерленген деген ақпар келеді. Ал Тұңғышбай мен Сүйінбай із-түссіз жоғалғандар қатарына кіреді.

Олардың артынан ізін жалғайтын ұрпағы қалмаған. Сондықтан, осы уақытқа дейін ешкім іздемепті. Тек жуырда ғана «Патриот» іздеу жасағы Ресейде бірнеше сарбаздың мүрдесін тапты. Олардың арасында Мазыбаев Сүйінбай да бар.

1942 жылы небәрі 23 жасында қаза тапқан сарбаздың сүйегі Мәскеуден 500 шақырым жердегі Воронеж облысының Семилуки ауданы аумағынан табылды. Отан үшін от кешкен азаматқа туған жердің топырағы бұйырып, ол кеше Алматыға жеткізілді. Туыстары Сүйінбай Мазыбаевтің сүйегін арулап қайта жерлеу үшін Сүмбе ауылына алып кеткен.