Олар қаланың тыныштығын бұзған
Биыл елордада тыныштықты бұзған 7,5 мыңнан астам тұрғын жауапқа тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішу, белгіленбеген орындарда темекі шегу, тыныштықты бұзу, ұсақ бұзақылық, қаланы абаттандыру ережелерін бұзу фактілері бойынша азаматтар жауап берді.
«Қоғамдық пікір алмасу чатындағы тұрғын Нұра аудандық ПБ учаскелік инспекторына түнгі сағат 23:30-да Астана тұрғыны дәнекерлеу жұмыстарын жүргізіп, тұрғындардың тыныштығын бұзғаны туралы ақпарат берген. Түнгі тыныштықты бұзғаны үшін учаскелік инспектор құқық бұзушыға қатысты әкімшілік іс қозғады. Құқық бұзушы 5 АЕК көлемінде айыппұл түрінде жауапкершілікке тартылды», - деп мысал келтірді ПД.
Естеріңізге сала кетейік, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, көшелердегі және басқа да қоғамдық орындардағы қылмыстардың алдын алу және жолын кесу мақсатында елордалық полицейлер 20-30 маусым аралығында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп жатыр.
Жедел шараның 6 күнінде полицейлер 4 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде 10 факті ата-анасының және басқа да заңды өкілдерінің кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамауы, 370-ке жуық түнгі тыныштықты бұзу, 50-ден астам ұсақ бұзақылық, 260-ы – қоғамдық орындарды ластау, 460-қа жуығы ішімдік ішу фактісі болған. Алкогольдік ішімдіктер немесе қоғамдық орындарда мас болып көріну және т.б.бойынша да деректер тіркелді.