Ешқандай заңда мектепте ақша жинауға болатыны туралы жазылмаған – вице-министр

Ата-аналар мен мұғалімдер депутаттарға шағымданған

Ешқандай заңда мектепте ақша жинауға болатыны туралы жазылмаған – вице-министр
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Мектеп оқушыларының ата-аналары мен мұғалімдерден ақша жинау – заңсыздық. Бұл туралы оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ринат Зайытов үкімет мүшелеріне ата-аналардың шағымын жеткізді.

«Бізге Қазақстанның бәленбай мектептерінде ата аналардан, мұғалімдерден ақша жинап жатқаны туралы бірнеше шағым түсті. Осы ақша жинау қай қаулыға, қай заңға негізделген?», - деп сұрады депутат оқу-ағарту министрлігінің өкілінен.

Вице-министр Еділ Оспан мектептерде ақша жинау заңсыздыққа жататынын айтты.

«Ешқандай заңда, ешқандай қаулыда мектепте ақша жинау мәселесі қарастырылмаған. Бұл заңсыздық. Біз бұрын көтерген мәселелеріңіз бойынша әрбір фактіні жұмыс тәртібінде сізден алдық. Тиісті заң органдарына жолдаймыз. Өз тарапымыздан қандай да бір жағдай мәлім болса, біз бірден құзыретті органдарға жолдап отырамыз», - деді шенеунік.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.