$ 513  541.16  4.69
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
27.04.2020, 10:20
Қоғам

42 500 теңге: жәрдемақының көбін Алматы облысының тұрғындары алған

Елімізде барлығы 4,2 миллионнан астам адамға көмек тағайындалған

42 500 теңге: жәрдемақының көбін Алматы облысының тұрғындары алған

27 сәуірдегі жағдай бойынша төтенше жағдай кезінде кірістен айырылуға байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 4 млн 251 мың әлеуметтік төлем тағайындалған. Оның ішінде алғашқы айда – 3 млн 731 мың, екінші айда – 520 мың адамға көмек көрсетілді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жалпы, бүгінге дейін 42 500 теңгелік әлеуметтік төлемді алу үшін 8 млн 23 мың адам өтініш берген. Олардың ең көбі Алматы мен Түркістан облыстарында тіркеліпті.

  • Алматы облысы – 1 млн 45 мың;
  • Түркістан облысы – 999,5 мың;
  • Алматы қаласы – 896,6 мың;
  • Нұр-Сұлтан – 594,5 мың;
  • Шымкент – 534,5 мың.

Жәрдемақы алған тұрғындар саны жағынан да осы өңірлер көш бастап тұр.

  • Алматы облысы – 620,5 мың;
  • Түркістан облысы – 508,5 мың;
  • Алматы қаласы – 412,1 мың.

3 млн 672 мың адамға 42 500 теңге тағайындаудан бас тартылды, себебі олар ТЖ кезінде табыстың жоғалуына байланысты Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемді тағайындау қағидаларына сәйкестігін тексеруден өтпеген.

Бас тартудың негізгі себептері мынадай:

  • өтініш берушінің жеке деректерінің дұрыс көрсетілмеуі;
  • банктік шот нөмірінің дұрыс көрсетілмеуі;
  • өтініш берушіде тұрақты жалақысының болуы (оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері);
  • өтініш берушінің төтенше жағдай енгізілгенге дейін ресми жұмыс жасамаған зейнетақы мен жәрдемақы алушы болып табылуы;
  • өтініш беруші үшін төтенше жағдай режимін енгізгенге дейін соңғы 12 ай ішінде міндетті әлеуметтік аударымдардың, зейнетақы жарналарының жүргізілмеуі, БЖТ төлемеу немесе бейресми өзін-өзі жұмыспен қамғандардың өтініш бергенге дейін БЖТ төлемеуі;
  • өтініш берушінің қайтыс болуы немесе Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерге тұрақты тұруға кетуі.

Әлеуметтік төлем алуға өтінімді eGov порталы, 42500.enbek.kz веб-сайты және https://t.me/Help42500Bot адресі бойынша Telegram-бот арқылы беруге болады.

Өтініштің қаралу статусын 42500.enbek.kz сайтында тексеруге болады.

Қосымша қарауды талап ететін ерекше жағдайларда азаматтар 42500@enbek.kz, 42500@gfss.kz электрондық мекенжайларына жазбаша өтініш бере алады.

МӘСҚ-та төлем жасау туралы шешім қабылданғаннан кейін өтініш берушіге SMS-хабарлама келеді. Кейіннен өтініш берушінің деректері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ға жіберіледі, ол оны екінші деңгейдегі банктерге төлем жүргізу үшін жібереді.

Естеріңізге сала кетейік, қолданыстағы Қағидаларға сәйкес ТЖ кезеңінде қызметтің шектелуіне байланысты табысынан айырылған жағдайда бір адамға МӘСҚ-тан айына 42 500 теңге мөлшерінде берілетін әлеуметтік төлем келесі санаттарға:

– жеке кәсіпкерлерге және шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;

– карантин енгізілген елді мекендерде қызметін жүзеге асыратын ірі кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;

– мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, коммерциялық емес заңды тұлғалардың жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;

– жеке практикамен айналысатын адамдарға (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор);

– ҚР Салық кодексінің 774 бабына сәйкес, бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғаларға;

– нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатын, салық агенттері олар үшін міндетті зейнетақы жарналарын аударған адамдарға тағайындалады.

1 және 2-тармақшалар ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың қызметкерлеріне қатысты емес.

Серіктес жаңалықтары