Шығыс Қазақстанда Кіші Қарақожа өзені металдармен ластанды

Автор: Azattyq Rýhy

Алайда мыс өндіру кенішін жою заңсыз деп танылды

Фото: gov.kz

Шығыс Қазақстанда Кіші Қарақожа өзенінің металдармен ластануы және Глубокое ауданындағы Снегириха тауының опырылуы фактілері анықталды. Бұрынғы Юбилейно-Снегирихинское кен орнының шахта сулары өздігінен аққан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстың мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы тексеріс жүргізді.

«Востокцветмет» ЖШС кенішті жою технологиясын бұзуы салдарынан ауданы 15 000 шаршы метрден асатын тау жыныстары опырылған. ШҚО экология департаментінің су сынамаларын зерттеулеріне сәйкес, суда құрамында ауыр металдардың (мырыш, кадмий, темір, марганец және т.б.) ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясының нормативтері 83 мың есе асқан», - деп хабарлады прокуратура.

Кенішті жою кезінде кәсіпорын жеке рекультивация жұмыстарын жүргізбеген, кеніш аумағы бастапқы қалпына келтірілмеген.    

Осыған қарамастан, уәкілетті мемлекеттік органдардан тұратын комиссия кен орнын жоюды қабылдау актісіне қол қойған.

ШҚО мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы кенішті жою бойынша қабылдау актісінің күшін жою туралы сотқа талап арыз берді, ол қанағаттандырылып, жоюды қабылдау жөніндегі комиссия актісі заңсыз деп танылып, күші жойылды. Апелляциялық орган сот актісін күшінде қалдырды.

Қазіргі уақытта прокуратура «Востокцветмет» ЖШС-ін заңмен белгіленген жауапкершілікке тарту, сондай-ақ кеніштің тиісті жойылуын қамтамасыз ету және қоршаған ортаның ластану себептерін жою бойынша шаралар қабылдауда.