Қызылордалық келіншек ота жасаған хирург пен аурухананы сотқа берді
Ол операциядан кейін өзін жайсыз сезінген
Қызылорда қаласының тұрғынына маммолог дәрігер «сол жақ сүт безінің фиброаденомасы» диагнозын қойып, тұрғылықты жері бойынша дереу емделу керектігін ұсынған. Соған байланысты, әйелге жоспарлы емделуге жолдама беріліп, ол аурухананың хирургия бөлімінде ем алған. Әрі қарай хирург дәрігер әйелдің сол жақ сүт безі аймағына ота жасаған. Отадан кейін әйелдің денсаулығы нашарлап, науқас хирургтың сапасыз медициналық көмек көрсеткеніне шағымданған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тексеру қорытындысына сәйкес, әйелді емдеу кезінде диагностика мен емдеу клиникалық хаттамаларының сақталмағаны, хирург отаны «онколог маман» сертификатынсыз жасағаны, аурухананың мемлекеттік лицензиясында онкологиялық көмек көрсету туралы қосымшаның жоқ екендігі анықталған.
Нәтижесінде, хирург дәрігерге және аурухана заңгеріне әкімшілік айыппұлдар салынған.
«Осы мән-жайларға байланысты, әйел Қызылорда қалалық сотына жүгініп, ота жасау кезінде ісік бар сол жақ сүт безінің астыңғы бөлігі емес, жоғарғы бөлігі кесілгенін, ультрадыбыстық зерттеуге қайта түскенде, сол жақ сүт безіндегі ісіктің алынбағаны белгілі болғанын, дәрігер өз ісіне немқұрайлықпен қарағанын, соның салдарынан ауруы асқынып, уайымға салынып, жан азабы мен тән азабын тартқанын көрсетіп, моральдық зиян өндіруді сұраған», - делінген хабарладама.
Қызылорда қалалық соты талап қоюды қанағаттандырып, талап қоюшының пайдасына ауруханадан 2 000 000 теңге моральдық зиян өндіру туралы шешім шығарды.
Аурухана бұл шешіммен келіспей, облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасына апелляциялық шағыммен жүгінген.
«Істің барлық мән-жайын зерделеген сот алқасы бірінші саты сотының шешімін өзгеріссіз, апелляциялық шағымды қанағаттандырусыз қалдырды», - делінген хабарламада.