ШҚО Глубокое кентінің тұрғындары қоныс тойын тойлады
Аталған баспаналар бірінші кезекте көп балалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға берілді
«AMANAT» партиясының Шығыс Қазақстан облысы бойынша сайлау алды бағдарламасын жүзеге асыруға арналған Жол картасы аясында Глубокое кентінде «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасымен 12 отбасыға жаңа үйдің кілттері табыс етілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жалпа партияның сайлауалды бағдарламасы аясында Глубокое ауданында 2027 жылға дейін 7,2 мың шаршы метр тұрғын үй салыну жоспарланған.
«Ауданымыздың тұрғындары қоныс тойларын тойлауда. Бүгінгі таңда ауданымыз бойынша «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы сәтті жүзеге асырылуда. Тұрғын үйлердің құрылыстарының сапасын депутаттар мен қоғамдық кеңестердің өкілдері тексеріп сапалы жүргізілуіне барынша атсалысты», - дейді Глубокое аудандық мәслихатының төрағасы Алтай Қалиғожин.
Аталған баспаналар бірінші кезекте көп балалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға берілді. Бүгін баспанаға ие болған 12 отбасының бесеуі – көпбалалы, ал қалған жетеуі – әлеуметтік осал топтарына жататын тұрғындар. Тұрғын үйлердің құрылыстары басталған сәттен толық аяқталып қолданысқа берілгенге дейін «AMANAT» партиясының атынан сайланған аудандық мәслихат депутаттары мен партияның аудандық филиалы бірнеше мәрте тексеріп бақылауда ұстады.
«Өзіміздің баспанамыздың болғанына қуаныштымыз. Мемлекетіміз қашанда көпбалалы отбасыларға көңіл бөлуде. Менің төрт балам бар, бесінші сәбиімізді күтіп жүрміз. Бұйыртса жаңа баспанада дүниеге келетін болады»,-дейді кент тұрғыны көпбалалы ана Әйгерім Сабыржанқызы.