Жасырын рейд: Астанадағы сауда орталықтары «Кемерово трагедиясынан» сабақ алды ма

Автор: Нұргүл Абай

Сауда ойын-сауық орталықтарының барлығында бірдей эвакуациялық есіктер ашық емес

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

2018 жылғы наурызда Ресейдің Кемерово қаласындағы «Зимняя вишня» сауда ойын-сауық орталығында болған алапат өрт естеріңізде шығар. Ойын алаңдары мен кинозалдар орналасқан төртінші қабаттан өрт шығып, 60 адам көз жұмған еді. Оның дені – балалар. Төтенше жағдай кезінде ашық тұруға тиіс эвакуациялық есіктер жабық болып, адамдар сыртқа шыға алмай тұншығып қалған. Көрші елдегі трагедиядан кейін Қазақстан билігі де қимылдай бастады, тексеріс жүргізді, заңбұзушылықтар туралы есеп берді. Арада алты жыл уақыт өтті. Қазір ірі сауда орталықтарында жағдай қалай? Өрт қауіпсіздігі талаптары сақталып отыр ма? Azattyq Rýhy тілшісі елорданың сол жағалауындағы ірі сауда ойын-сауық орталықтарына барып, көшеге шығаратын эвакуациялық есіктердің ашық-жабық екенін тексерді.

ЕСКЕРТУ: сауда орталықтарын 18 маусым түстен кейін араладық. Кішігірім зерттеуімізде дәл сол күнгі жағдайды баяндадық. Дәл қазір эвакуациялық есіктер ашық па, әлде жабық па ол жағы бізге беймәлім.

Ең алдымен, үлкен сауда орталығының ішінде жүргенде, эвакуациялық есіктерді қайдан табамыз деген сұрақ туындауы мүмкін. Адамдарды далаға шығатын жолдарға бағыттайтын белгілерді мына фотода топтастырдық. Сондай-ақ әр қабаттағы есіктердің маңдайшасында «Шығу, Выход немесе Exit» деп үлкен әріптермен жазылып тұрады.

«Жасырын» рейдіміз «Керуен» сауда ойын-сауық орталығынан басталды. Алдымен бірінші қабаттағы эвакуациялық есіктерді тексеріп көрдік. Бәрі ашық тұрды. Сосын екінші, үшінші қабатқа көтерілдік. Жасыл белгілердің «ізімен» эвакуациялық есіктерді іздедік. Таптық та. Үшінші қабаттан баспалдақпен алдымен екінші, сосын бірінші қабатқа түсіп, даладан бір-ақ шықтық. Сөзіміз дәлелді болуы үшін бәрін телефон камерасына түсіріп алдық.

«Керуенде» дәмхана, мейрамхана, фастфуд сияқты қоғамдық тамақтану орындары үшінші қабатта орналасқан. Балаларға арналған ойын-сауық алаңы да осы қабатта. Ал кинотеатр төртінші қабатында жұмыс істейді.

Айтпақшы, кинотеатр қызметкерінен рұқсат сұрап, кинозалдардың біріне кіріп шықтық. Фильм көруге келгендерді кіргізетін есіктен бөлек, залдың ішінде жасыл түспен «Шығу» деп жазылған тағы бір есік бар. Біз барғанда ол да ашық екен.

Керуеннен шыққан соң, сол маңдағы «Азия парк» сауда ойын-сауық орталығына бет бұрдық. Мұнда да біз кірген эвакуациялық есіктердің бәрі ашық болды. Тек үшінші қабатта жүргенде сыртқа шығар есікке бағыттайтын жасыл белгілерді байқамадық. Төтенше жағдай болса қалса, адамдар байбалам салып, қайда, қалай барарын білмей үрейге берілетіні анық.

Азия паркте де тамақтану орындары мен кинотеатр жоғарғы қабатта орналасқан.

Фильм жүріп жатқан кинозалға бас сұғып, эвакуациялық есікті тексеруді жөн көрдік. Көңіліміз орнына түсті. Ол да ашық екен. Арнайы белгілерді бағытқа алып, баспалдақпен далаға шықтық.

Үшінші аялдама –  «Хан Шатыр» СОСО. Ханшатырда эвакуациялық есіктер жабық. Барлығына жасыл түсті «табличка» іліп, төтенше жағдай кезінде есіктер автоматты түрде ашылады деп ескертіп қойған. Лайым, солай болғай.

Бірақ сауда орталығын аралап жүріп, «ашық» тұрған бір эвакуациялық есікті таптық. Ақ қабырғаларға жол нұсқайтын белгілерді жапсырып тастаған. Есіктің дәл қасына жеткенде, сыртқа шыға алмайтынымызға көз жеткіздік. Есік жабық, оның үстіне скотчтап тастаған. Терезесінен ар жағына үңіліп едік, күндізгі даланы емес, темір тор мен қараңғы «туннель» көрінді. Жабық есікке апаратын жолға эвакуациялық белгілерді неге жапсырып қойғаны түсініксіз, әрине.

Төртінші қабатта орналасқан балалардың ойын қалашығында да болдық. Ол жақта да шығатын есіктерде де «автоматты түрде ашылады» деп жазылған.

Хан Шатырдан шыққан соң, жолымыз «Сарыарқаға» түсті. Сауда ойын-сауық орталығында өрт қауіпсіздігі талаптарының орындалуы көңіл көншітпейді. Біз ашып көрмек болған, төбесінде «аварийный выход», «Шығу» деп жазылған есіктер жабулы болды. Есіктің жанында СКУД карта жүйесі орнатылған. Өрт болған жағдайда, есіктерді кім ашады, қалай ашылады – ол жайлы ештеңе жазылмаған.

«Сарыарқада» да балалардың ойын алаңы мен кинотеатр жоғарғы қабатта орналасқан.

Аяқ асты тексеріміз Астанадағы «жас» сауда ойын-сауық орталығы – MEGA Silk Way-де аяқталды.

Атап өтетін бір жайт – басқа сауда орталықтарына қарағанда мұнда жол нұсқағыштар әлдеқайда үлкен, төбеге тақап емес, барынша төмен ілінген. Яғни көзге бірден түседі.

MEGA Silk Way-дің бірінші және екінші қабатындағы эвакуациялық есіктер ашық, бірақ әрі қарай жүре берсең, далаға шығатын есіктері жабық тұрғанын көресің. Өрт шықса, өздігінен ашылады деген жазуды байқамадық. Бірақ әр есіктің жанында «жасыл» жанып тұратын құрылғы бар. Оны бассаңыз, есіктер автоматты түрде ашылуы мүмкін. Одан бөлек «дымоудаление» құрылғысын көзіміз шалды.

MEGA Silk Way – екі қабатты ғимарат. Екінші қабатында фудкорт пен кинотеатр бар. Айтпақшы, кинотеатрдың дәлізі ұзын әрі тар. Алда-жалда адам көп келетін уақытта төтенше жағдай болса, үрейленген халық тар дәлізде кептеліп қалуы мүмкін.

Бір байқағанымыз, сауда орталықтарының эвакуациялық есігінен шыққанда, тек баспалдақ қана тұрады. Ал пандус жоқ. «Сонда арбаға таңылған мүгедектігі бар адамдар не істейді?» деген орынды сұрақ туады.

Әрбір қабаттан тікелей көшеге шығатын өрт баспалдағын да көрмедік.

Эвакуациялық есіктер үнемі ашық болуы керек

«Өрт қауіпсіздігі ережелері бойынша сауда ойын-сауық орталықтарында, адам көп жиналатын орындарда эвакуациялық есіктер үнемі ашық болуға тиіс»,- деп мәлімдеді ТЖМ баспасөз қызметіндегілер.

Сауда орталығындағы қауіпсіздікке депутаттар да алаңдаулы

Биыл сәуір айында сенат депутаты Бибігүл Жексенбай  ірі сауда ойын-сауық орталықтарындағы қауіпсіздікке қатысты үкіметке депутаттық сауал жолдады. Сенатордың айтуынша, елімізде 7,9 млн шаршы метр сауда алаңы бар. Алайда олардың бестен бір бөлігі ғана сапа мен қауіпсіздік өлшеміне сай келеді.

«Сауда-ойын сауық орталығындағы балалардың ойын бөлмесі екінші қабаттан жоғары емес және эвакуациялық есіктен 20 метрден алыс болмауға тиіс. Өкінішке қарай, көптеген сауда орталығында балалардың ойын аумағы жоғарғы қабатта орналасқан, эвакуация жолы да жоқ. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған эвакуация баспалдағында пандус жоқ. Сауда орталықтарында бір қабатта ондаған тамақтану орны орналасқан. Онда тамақ пісіретін қуаты жоғары техника бар. Ол өрт қаупін арттырады», - деп алаңдады Бибігүл Жексенбай.

Былтыр өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны немесе сақтамағаны үшін 13 978 әкімшілік құқықбұзушылық фактісі тіркелген. Өрт қауіпсіздігін өрескел бұзу, құлыпталған немесе шынжырмен бекітілген апаттық шығу жолдары, жарамдылық мерзімі өткен өрт сөндіргіштердің болуы немесе олардың болмауы, дабыл және өрт сөндіру жүйелерінің бұзылуы сияқты фактілер анықталған.

«Осының бәрі бірыңғай заң талабының орындалмайтынын көрсетеді. Сауда орталықтары ғимараттың техникалық жүйесін арнайы алгоритм бойынша басқаруға қабілеті жоғары технологиялық өрт дабылының жүйесімен жабдықталуға тиіс. Бұл барлық адамды белгілі бір уақытта өрттің қаупінен қорғауға және сол арқылы эвакуациялауға мүмкіндік береді», - деп санайды депутат.