$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
25.04.2020, 11:59
Қоғам

Елордада тұрмыстық зорлық-зомбылық 50 пайызға артқан

Күніне 50 адам қалалық полиция департаментіне арыз жазып, күйеуіне шағым түсіреді

Елордада тұрмыстық зорлық-зомбылық 50 пайызға артқан
Фото: ашық дереккөзден

Елорданың өзінде тұрмыстық зорлық-зомбылық 50 пайызға көбейген. Қалалық полиция департаментіне арыз жазып, күйеуіне шағым түсіретіндер күніне 50 адамға дейін барады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.

Қалалық полиция өкілдерінің хабарлауынша, зәбір көрген әйелдердің 90% мас күйеуінен таяқ жейді. Полиция өкілдері тұрмыстағы жанжалды дер кезінде анықтау үшін жасырын сөз тіркесі де пайда болғанын айтты. 

«Сізге қатысты қандай да бір отбасылық тұрмыстық құқық бұзушылық болса, 102 нөміріне телефон шаласыз да, «бетперде мен антисептик түсті ме?» дейсіз. Сіздің қоңырауыңызды жедел басқару орталығындағы қызметкерлер дереу қабылдайды. Сізге тек мекенжайыңызды айтсаңыз болғаны», - дейді қалалық полиция департаменті әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Гүлмира Шрахметова.

Карантин кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдердің көбейгенін «Не молчи» қоғамдық қоры да растайды.  Мамандар ер азамат қол көтерген жағдайда бірден полицияға хабарласуға шақырады. 

«Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты күніне шамамен 15 қоңырау түседі. Қазіргі уақытта шағымдардың саны артты. Бірақ ең сорақысы, әйелдер полицияға бармайды. Олар зорлық-зомбылық жасағандармен бір үйде тұра береді. Өйткені, полицейлер қысым көрсеткен адамды қамауға алмайтынын біледі. Оны көп болса үш сағат полиция бөлімшесінде ұстайды. Өкінішке қарай, төтенше жағдай кезінде зорлық-зомбылық жасағандарды қамауға алу тәртібі заңдық тұрғыдан қарастырылмаған», - дейді «Не молчи» қоғамдық қорының президенті Дина Смаилова.

Серіктес жаңалықтары