Тараз тұрғыны әріптесінің телефонын қоңырау шалуға алып, ақшасын өзіне аударып алған

Автор: Azattyq Rýhy

Ұрлық дерегі бойынша полицейлер сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады

Фото: istockphoto.com

Тараз қалалық Полиция басқармасының екінші полиция бөліміне әйел азаматша жүгініп, әріптесі қоңырау шалу үшін телефонын алдап сұрап алып, оның қаражатын өз шотына аударып алғанын айтып шағымданған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Жамбыл облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Әйел телефонын қайтарып алған соң біршама уақыттан кейін сатып алу ақысын төлеу үшін банктің қосымшасына кіргенде жеке шотындағы 330 000 теңге жоғалғанын байқаған.

«Әріптес азаматтың ақшаны өз атына аударғаны белгілі болды. Ұрлық дерегі бойынша полицейлер сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Күдікті анықталып, қазіргі таңда қажетті тергеу іс-шаралар кешені жүргізілуде», - делінген хабарламада.