Павлодарда 32 млн теңге жымқырған бөбекжай қызметкерлеріне қатысты сот шешімі шықты

Azattyq Rýhy

Сотталушылар кінәләрін мойындап, өкініп, бас бостандығынан айырмауды сұрады

Павлодарда 32 млн теңге жымқырған бөбекжай қызметкерлеріне қатысты сот шешімі шықты
Фото: istockphoto.com

2024 жылғы 14 маусымда Павлодар қаласының No2 соты Атамекен ауылы №36 бөбекжай-бақшасы МКҚК директоры және осы бөбекжайдың есепшісіне қатысты аса ірі мөлшерде қаражат иелену фактісі бойынша қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Павлодар қалалық №2 сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, аталған бөбекжайдың директоры Е. 2022 жылдың 5 қаңтарынан бастап 2024 жылдың 24 сәуіріне дейінгі аралықта есепші А.-ның қатысуымен заңсыз есептік төлем тізімдерін жасап, бюджет қаражатын өзінің банктік шотына аударған. Осылайша олар жалпы сомасы 32 миллион теңгеден аса бюджет қаражатын жымқырған.

Мемлекеттік айыптаушы Е. мен А.-ға 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады.

Жәбірленушінің өкілі жаза тағайындауды соттың қалауына қалдырды.

Сотталушылар кінәләрін мойындап, өкініп, бас бостандығынан айырмауды сұрады.

Қылмыстық заңнамада бұл қылмыс үшін тек бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Сотталушылардың кінәсі жәбірленуші ұйым өкілінің, куәлардың айғақтарымен, құжаттамалық дәлелдемелермен және сот сараптамаларының қорытындыларымен толық дәлелденді.

Кінәні мойындауына байланысты іс бойынша сотқа дейінгі қысқартылған тергеу жүргізілді. Сондықтан, ҚК 55-бабы 3-бөлігінің талаптарына сәйкес, жаза 6 жыл бас бостандығынан айырудан аспауы керек.

«ҚК 74-бабына сәйкес, сотталған жүкті әйелдер үшін жазаны өтеу мерзімі 1 жылға дейін, ал жас балалары бар сотталған әйелдер үшін сот жазаны бес жылға дейін кейінге қалдыруы мүмкін, бірақ баланың 14 жасқа толуынан артық емес. Сотпен іс бойынша жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып екі сотталушыға 6 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалып, мемлекеттік қызметте, судья, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және т.б. лауазымдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойы айырылды. Е.-ның жүктілігін, 2011 жылы туылған жас баласының, қарт анасының (2-топтағы мүгедек) бар екенін, жесір әйел екенін, бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын ескере отырып, сот ҚК 74-бабының негізінде тағайындалған жазаны 1 жылға кейінге шегерді. А.-ның 2012, 2014 және 2019 жылы туылған үш жас баласы бар екенін, бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын ескере отырып, ҚК-нің 74-бабының негізінде тағайындалған жаза 5 жылға кейінге шегерілді», - делінген хабарламада.

Азаматтық талап қою залалдың ішінара өндірілуін ескерумен қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.