Су тасқыны: Оралда эвакуациялық пункте тұрып жатқан отбасыларға құрттаған нан берген (ВИДЕО)

Автор: Аубакирова Нургуль

Зардап шеккен тұрғындардың айтуынша, кейінгі уақытта оларға ашыған тамақты жиі беретін болған

Фото: видео скрин

Орал қаласында тасқын салдарынан үйінен айырылған отбасылар эвакуациялық пункте оларға ашыған тамақ, тіпті құрттаған нан беретінін айтып шағымданды. Зардап шеккен тұрғындардың бірі дәлел ретінде Azattyq Rýhy редакциясына ішінен құрт шыққан нанның видеосын да жолдады.

Орал тұрғыны Айнұр Жорабекова екі айдан астам уақыттан бері бала-шағасымен бірге эвакуациялық пункте тұрады. Айтуынша, алғашында зардап шеккендерге өте дәмді, жаңа піскен тамақ берген. Алайда кейін ас дайындайтын адамдары ауысып, тамағы мүлде нашарлап кетті. Бірде нанның ішінен тіпті құрт шыққан.

«Қазір қандай фирма тамақ пісіретінін білмеймін. Бірақ мүлде нашар. Алдында ашыған тамақ берді, сосын наннан құрт шықты. Одан кейін пирожки пісіріп алып келгенде одан шаш таптық. Қызым жеген еді, ұшынып қалды. Кеше тағы ашыған рожки», - дейді студенттер жатақханасын паналаған бес баланың анасы.

Айтуынша, ол әкімдікке шағымданған. Кеше екі адам келіп, тамақ дұрысталады деп сендіріп кеткен.

Бұған дейін Azattyq Rýhy тілшісі қарғын судан баспанасынан айырылып, отбасымен эвакуациялық пунктте тұрып жатқандардың жағдайы туралы жазған еді.