Петропавлда құрылыс алаңында жарақат алған жігіт қайтыс болды

Автор: Azattyq Rýhy

Қайғылы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде

Фото: istockphoto.com

Петропавлда құрылыс алаңында жарақат алған жігіт қайтыс болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Qazaqstan арнасына сілтеме жасап.

Ол әріптестерімен жергілікті зауыттардың біріне су құбырын тарту үшін қазылған шұңқырды тазалап жүрген кезде үстіне топырақ үйіндісі құлаған. Жедел-жәрдем қызметі жарақат алған адамды ауруханаға жеткізді. Алайда ол операция үстелінде қайтыс болды.

Дәрігерлердің айтуынша, марқұмның ішкі органдары езіліп кеткен. Қайғылы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Марқұм азаматтық-құқықтық шарт бойынша жұмыс істеген. Оған сәйкес барлық мәселелер Азаматтық іс жүргізу кодексіне сәйкес реттеледі дейді мамандар.

 «Бұл жерде азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт жасалғанына байланысты, жазатайым оқиға бойынша тергеп-тексерілу жұмыстары жүргізілмейді. Бұл шарт бойынша тек қана сот арқылы шешілетін болады», - деді облыстық еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Азат Көшербаев.