Алматы облысындағы бір ауылдың тұрғындары нәжіс араласқан су ішуге мәжбүр

Azattyq Rýhy

Елдімекен қарап отырған жалғыз су желісі әбден тозған

Алматы облысындағы бір ауылдың тұрғындары нәжіс араласқан су ішуге мәжбүр
Фото: almaty.tv

Алматы облысының тұрғындары нәжіс араласқан су ішіп жүрміз деп шу шығарды. Талғар ауданына қарасты Бесағаш ауылының 17 мыңнан аса халқы бірнеше жылдан бері тіршілік көзіне зәру, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы арнасына сілтеме жасап.

Бесағаш жұрты ауыз су деген ұғымды ұмытқан. Олардың айтуынша, бірнеше күннен бері тіршілік нәрінің дәм-түсі өзгеріп, ластанғанын байқаған. Кейбіреулер тіпті жөтеліп, ауыра бастаған көрінеді. Ауыл белсенділері құдықты тексеруге жиналды.

«Нәжіс иісі  шығып жатыр. Жұмысшылар өздері айтты. Осы су ауылға барады. Ішіп отырмыз. Бәрі ауырып жатыр», – деді Бесағаш ауылының тұрғыны Талдыбай Әбдіғаппаров.

Елдімекен қарап отырған жалғыз су желісі әбден тозып, қысымы халыққа жетпейді. Ал жұрт суға қалдық араласса,  түрлі ауру тарауы мүмкін» деп қорқып отыр.

«Ашық, құлпы жоқ, жабылмаған. Стратегиялық маңызды обьект. Беті ашық тұр», – деді Бесағаш ауылының тұрғыны Айман Сәбденова

Ауыл тұрғындарының су тапшылығына көніп келе жатқанына біраз жыл болды. Бесағаштағы 57 мыңға жуық тұрғынның 17 мыңында су жоқ. Шүмекте шылдырап лас су ағады. Ауылда орталықтандырылған су жүйесі жүргізілген, бірақ оның күші жылдан-жылға өсіп жатқан ауылға шақ келмейтін көрінеді. Мәселені суды заңсыз жалғап алған жеке кәсіп иелері ушықтырып отырған көрінеді.

«Ауылға көшіп келгелі бері 5-6 жыл болды. Су мәселесі бітпейді.  Бүкіл бөтелкеге таза су толтырып, қаладан алып келе жатырмын. Кеше су іше алмадық, қап-қара, лайланып кеткен. Балаларым, немерелерімнің іші ауыра бастады», – деді Бесағаш ауылының тұрғыны Мейрамбек Мұхатов.

Су жүйесіне жауапты компания «бәріне бұрын істеген мердігер кінәлі» деп ақталды. Олардың сөзінше, құбырлардың бұрынғы иесі қыруар қаражат қарыз болған. Құжат мәселесін шешу үшін уақыт керек. Ал оған дейін компания директоры халыққа тек 2 су тасушы көлік бөліп беріп отыр.

«Проблема бар, су жоқ. Құбырдың бәрі ескі, дұрыс жасалмаған. Шешу жолын қарастырып жатырмыз», – деді мердігер компанияның директоры Жомарт Үмбетов.

Шарасыздың күнін кешіп отырған жұрттың жағдайын ауыл әкімі білсе де, апат болған күні экспертиза жүргізбеген. Тек бір жеті өтіп, тілшілер төбе көрсеткенде ғана шаруаға кіріскен көрінеді. Ал жыр болған су мәселесі кезең-кезеңімен шешіледі деп уәде етті.

«Медігер компания судың қысымын түсіріп, құбырды босатқан кезде, құбырларды ауыстырамыз», – деді Бесағаш ауылдық округінің әкімі Ернар Жүнісов.

Мәселенің жақын арада шешілетін түрі жоқ. Себебі тозығы жеткен ескі құбырларды алып, жаңа жүйе салмайынша, халық таза су ішпейтіні анық.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.