Ертіс өзенінде браконьерлік фактілері анықталды
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды
Уылдырық шашу кезеңінде ШҚО Марқакөл ауданының прокуратурасы тыйым салынған аумақтарда заңсыз балық аулау фактілерін анықтау бойынша күшейтілген рейдтік-профилактикалық іс-шараларын жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Атап айтқанда, Зайсан балық шаруашылығы Басқармасымен бірлескен рейдтің бірінде Қара Ертіс өзенінде жыл бойы балық аулауға тыйым салынған жерде екі браконьер ұсталып, олардан 60 кг балық (сазан, қарақұйрық, шортан т.б.) алынды, келтірілген залал 362 мың теңге құрады. Оқиға орнынан моторлы қайық пен синтетикалық бірталшықты 400 метрлік ау тәркіленді», - деп хабарлады прокуратура.
Балық аулау ережелерін өрескел бұзғаны үшін құқық бұзушының бірі ӘҚБтК 383-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік жазаға тартылып, мемлекет кірісіне құқық бұзушылық заттары тәркіленіп, оған 20 АЕК (73 840 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды, қайталап құқық бұзушылық жасаған екінші браконьер ӘҚБтК 383-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік жазаға тартылып, оған 40 АЕК (147 680 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.
«Тағы бір рейд барысында прокуратура мен полиция қызметкерлері Қалжыр ауылының маңында тиісті құжаттарсыз багаж бөлігінде жалпы салмағы 95 кг сазан мен қарақұйрықты тасымалдаған Зайсан ауданының 44 жастағы тұрғыны басқарған күдікті көлікті тоқтатты. Оның әрекетінен келтірілген шығын 660 мың теңгені құрады», - делінген хабарламада.
Балық ресурстарын аулау фактісі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 335-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Марқакөл ауданында браконьерлікті анықтау және жолын кесу бойынша бірлескен жұмыс жалғасуда.