Семейлік ғалымдар коронавирусты емдеу тәсілін ойлап тапты
Жаңа идеяға жақында патент алады
Cемей медицина университетінің мамандары коронавирусты емдеудің жаңа әдістемесін жазып шығарды, деп хабарлайды Қазақстан телеарнасы. Жақында тың тәсілдің арқасында Семейде ауыр халде жатқан науқас құлан таза айығып кеткен.
Анестезиолог, реаниматолог – дәрігер Марат Сыздықбаев Семейдегі медицина университетінде әріптестерімен бірлесіп COVID-19 дертін емдеудің әдістемесін жазған. Авторлық құқықты реттемей жатып, қазір әлем елдері індетті емдеудің тиімді жолын тауып, жаңалығын ашық түрде жаһанға жария етуге әзір. Қазірдің өзінде осы тәсіл арқылы Семейде өте ауыр халде жатқан науқас емделіп шықты.
«Қаламызда ең алғаш рет науқастанған ерлі-зайыптыларға осы әдістеме қолданылды. Әсіресе жұқпалы дертпен ауырған ер адам өте ауыр халде болған. Ол жазылып аяғына тұрды. Енді осы тәсілді елімізде қолданып, пайдасын әкелетіндігіне сенімдіміз. Әдістемені ашық түрде әлемнің кез-келген мамандары қолдану үшін таратамыз», - дейді ол.
Оқу орнының мамандары коронавирус індетіне шалдыққан адамның тыныс жолдарын зерттейтін ларингоскоптың жаңа түрін де жасап шығарған. Тек шет елде құрастырылатын мұндай құрылғының бағасы тым қымбат. Әрі қазіргі пандемия кезінде оны алу тіптен мүмкін емес. Сондықтан семейлік мамандары осыған дейін қолданылып келген қарапайым ларингоскопқа камера мен смартфон жалғау арқылы жетілдірген. Медициналық құрылғының патенті жақында дайын болады.
«Республикалық деңгейде өзіміздің әріптестеріміздің бәрімен бөлістік. Біз осындай әдіс ойлап шығардық. Егер қажет болса бізге дәстүрлі ларнгоскоптарыңзы жіберіңіздер. Семей медицина университеті тегін сіздерге қойып береді»,- дейді Семей мемлекеттік медицина университетінің ректоры Ерсін Жүнісов.
Жарты ғасырлық тарихы бар оқу орнында жұмыс істейтін ғалымдар жұқпалы індетті тиімді емдеудің жолдарын қазір сандық технология көмегімен іске асырып жатыр. Семейдегі инфекциялық емханалардағы дәрігерлерге онлайн түрде 24 сағат бойы кеңес беретін арнайы топ құрылған. Жергілікті ғалымдар мұндай көмекті еліміздің кез-келген өңірінде індетпен күресіп жатқан дәрігерлерге көрсетуге дайын.