Қазақ тілінің латын графикасына көшу мәселесіне атсалысып жүрген Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек әлі де асығыстық танытпай, мәселені тереңінен қарау керек деп санайды
Латын әліппесіне байланысты Тоқаевтың мәлімдемесіне орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы «Тіл қазына» орталығының атқарушы директоры екі аптадан соң орфографиялық жұмысшы тобы отырыс өткізетінін айтты. Құрамына 23 ғалым кіретін топ латын әліпбиінің соңғы нұсқасын сараптайды.
«Бір жарым, екі жыл ішінде оқыту арқылы, халықпен кездесу арқылы, сараптау арқылы қорытынды дайындап, министрге бердік. Министр Президентке берді. Қазір бізде конвертер жүйесінде ыңғайсыздық туындатып жатқан таңбалар бар. Олар «і» әрпінің басының түртілмеуі, «с» мен «ч». Ал басқа таңбаларға қатысты мәселе жұмыс барысында шешіле жатады. Мен өткен аптада Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен арнайы отырысқа қатысып, осы үш таңбаның уникодқа сәйкес еместігіне байланысты пікірімді айттым. Қазір «Тіл қазына» орталығы жанында жастарды оқытып жатырмыз. Олар да анкета толтырғанда осы таңбаларға қатысты жиі айтып, мәселе көтереді», - дейді «Тіл қазына» орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов.
«Соңғы уақытта мекемелер өз маңдайшаларына, іс қағаздарында латын таңбасын ерікті түрде пайдаланып жатқандар кездеседі. Мұнда президенттің жарлығымен, үкімет шешімімен жазыңдар деген нұсқау болмады. Мәжбүрлеу болған жоқ, халықтың өз ықыласынан туған соң оған біз жауапты епеспіз», - дейді «Тіл қазына» орталығының басшысы.
Оқи отырыңыз: Тоқаевтың латын әліпбиіне көңілі толмайды
Орталық жетекшісінің айтуынша, қараша айының басында өтетін орфографиялық жұмыс тобының жиынына Ұлттық комиссия жанындағы Ахмет Байтұрсынұлы институтынан 7 ғалым, «Тіл қазына» орталығынан 5 ғалым, сондай-ақ Әл- Фараби атындағы ҚазҰУ, Назарбаев университеті және С.Демирел университеті сияқты беделді оқу орындарынан тіл мамандары келеді.
«Таңба қабылданған соң, апробация деген болады. Сол процестен өттік. Осы жылдың қаңтарында конвертер дайын болды. Сосын оқу жүйесіне енсе, қалай болады деген мәселеге де мониторинг жүргізіп отырмыз. Сондықтан бұл табиғи процесс. Өзбекстан 4 нұсқа ұсынған, моноұлтты әзірбайжан халқы да үш нұсқаны қабылдады. Сосын барып біреуіне тоқталған болатын», - дейді орталық жетекшісі.
«Қазіргі әліпби үш талаптың үшеуіне де сәйкес келмей тұр»
Қазақ тілінің латын графикасына көшу мәселесіне атсалысып жүрген Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек әлі де асығыстық танытпай, мәселені тереңінен қарау керек деп санайды.
«Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі мәлімдемесін ғалымдар құптайды. Халық бұл бастаманы басынан қолдап отырды. Бірақ асығыстық жасамау керек еді. Құдай сақтап, оқулықтар миллиондаған тиражбен терілген жоқ. Еміле үкіметтің қаулысымен бекітілмей, ресми түрде енгізу мәселелерімен шұғылданбау керек», - дейді тіл маманы.
«Кез келген әліпби үш шартқа жауап беруі керек. Қазақ тілінің заңдылықтарына сай болуы тиіс, қазақ тілінің бүкіл төл дыбысын таңбалау керек. Екіншіден, туыс түркі тектес елдердің әліппесінен алшақ болмауы тиіс. Мағыналары ортақ мыңдаған сөздер бар. Үшінші, латын алфабиті біздің дыбыстарды таңбалау заңдылықтарынан алшақтамауы керек еді. Қазіргі әліпби осы үш талаптың үшеуіне де сәйкес келмей тұр. Қазір ғалымдар осы мәселемен айналысып жатырмыз», - деді Ерден Задаұлы.
Бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter желісіндегі парақшасында латын әліпбиінің соңғы нұсқасына қатысты пікір білдірді. Ол тіл мамандарына жаңа әліпбиді жетілдіру керектігін тапсырған.
«Әліпбиді латын қарпіне көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына екі жылға жуықтады. Бірақ қарпімізде әлі де олқылықтар бар. Тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіруі керек. Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұловаға тиісті тапсырма бердім. Алдымызда ауқымды жұмыс тұр», - деп жазды мемлекет басшысы.
Жандос БАЙДІЛДА