Айыппұл 200 мың теңгеден басталады: мәжіліс депутаты блогерлерге ескерту жасады
Қазақстанда букмекерлік кеңселер мен лотереяларды жарнамалауға тыйым салынады
Енді букмекерлік кеңселерді жарнамалаған блогерлер жауапкершілікке тартылады. Парламент Мәжілісі «Кейбір заңнамалық актілерге ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды ілеспе түзетулермен екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Заңға сәйкес, букмекерлік кеңселер мен букмекерлік дүкендерді ғимараттардың, құрылыстардың және көліктердің сыртында жарнамалауға, сондай-ақ БАҚ, кино, видео және анықтамалық қызметтерде жарнамалауға толығымен тыйым салынады.
«Осы тұста әлеуметтік желілердің инфльюенсерлері мен блогерлерге букмекерлік кеңселерді жарнамалау және ілгерілету енді заңсыз екенін ескерткім келеді. Бұл үшін 200 мың теңгеден басталатын айыппұлдар қарастырылған», - деді Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев төменгі палатаның жалпы отырысында.
Дегенмен букмекерлік кеңселер мен букмекерлік дүкендердің орналасқан жерінде, спорт ғимараттарының ішінде, спортшылардың жабдықтарында, спорттық теле-радио арналарда, спорттық іс-шараларды көрсетуге мамандандырылған интернет-ресурстарда жарнамаға рұқсат етіледі. Бұл ретте отандық телеарналар халықаралық спорт жарыстарын тікелей трансляциялау кезінде букмекерлік кеңселер мен ұтыс ойынын жарнамалай алады.
Сонымен қатар ұялы байланыс операторларына халыққа құмар ойындар жарнамаланған мәтіндік хабарламаларды жіберуге тыйым салынған.