Ұлы тұлғалардың ізі қалған Тайтөбе жаңаша түрленіп жатыр
Бейресми статистика бойынша, қазір Тайтөбе тұрғындарының саны 7 мың адамға жуықтаған
Астана іргесіндегі Арқаның қос өзені Есіл мен Нұраны ортасында орналасқан Тайтөбе – ежелден қасиетті, атақты бабалар ізі қалған жер саналады. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаевтың айтуынша, қазақ «Ақ мола» атап кеткен ортағасырлық кесене Тайтөбенің басында тұрған. «Тайтөбе атауы көне дәуірден тарихи орталық ретінде белгілі екендігіне қазақ халқының эпикалық жырлары мен аңыздары дәлел. Тайтөбенің басында әкесі Ер Көкшенің кегін даулаған Ер Қосай мен Қобыландының арасында адам баласы бұрын-соңды көрмеген жекпе-жек болды дейді Г.Потанин...» деп жазады ғалым «Egemen Qazaqstan» газетіне жариялаған мақаласында. Бүгінде осы қасиетті мекен күн санап құлпырып, жаңа рең ала түскендей. Azattyq Rýhy тілшісі Тайтөбе ауылына арнайы барып, қасиетті мекеннің қазіргі тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.
Ауылда тіршілікке қолайлы жағдай жасалған
Тайтөбе ауылының тұрғындары жылдам қарқынмен өсіп келе жатыр. Осыдан оншақты жыл бұрын ауылда небәрі 700 адам тұрса, қазір бейресми статистика бойынша, тұрғындардың саны 7 мың адамға жуықтаған. 2000 жылдардың басында 80 үй болса, бүгінде ол бірнеше есеге өсіп, 1000 үйге жетті.
Жан-жағы жасыл желекке оранған ауылда тіршілікке қажетті барлық жағдай жасалған. Заманауи үлгіде салынған балалар ойын алаңы, мәдениет үйі, кітапхана, фельдшерлік акушерлік пункт, мешіт, азық-түлік дүкендері, спорттық үйірмелер тұрғындар игілігіне жұмыс істеп тұр.
«Ауылда ресми тіркелген адам саны – 2795. Ал бейресми тұрғындар саны 7 мыңға жуық. Ауыл адамдарының 95 пайызы Астанаға қатынап жұмыс істейді. Мектеп, балабақша, мәдениет үйі, мешіт, бірнеше дүкен жұмыс істейді. Екі қоғамдық монша бар, 300 орындық мектепте 700-ден аса бала оқиды. Болашақта «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 1200 орындық тағы бір мектеп салынбақ. Жаңа мектеп салынатын жер белгіленіп қойған. Бұл мектеп ауылдағы мектептегі орын тапшылығы мәселесін біржола шешеді. Қазіргі кезде ауыл көшелерін жарықтандыру ісі және жаңа салынған үйлерді тиісті электр құрылғыларына қосу жұмыстарын мердігер компания орындап жатыр. Бұған қоса тұрғындарды орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз етуге баса назар аударылған. Ауызсу мәселесі жоспар бойынша шілде айында басталып жылдың аяғына дейін аяқталмақ», - дейді Тайтөбе ауылының әкімі Парасат Досмағанбетов.
26 көшеге жаңадан жол салынып жатыр
Жалпы Тайтөбенің ішкі жолдары 40 шақырымды құрайды. Биыл ауылға жол салуды жалғастыру мақсатында республикалық бюджеттен 3 млрд теңге бөлінген. Бөлінген қаражатқа сәйкес 12 шақырым жол салынады, яғни ауылдағы 26 көшеге асфальт төселеді. Былтыр 8 км, оның алдыңғы жылы 5 км жол салынды. Биыл салынатын жол 12 шақырымға артқан. Бірнеше жылға созылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде ауылдағы барлық көшеге тасжол салынады.
Ауқымды шаруаны атқаруды мойнына алған мердігер компания «Атырауинждорстрой» ЖШС-нің өкілі Денис Поляковтың айтуынша, қазір Тайтөбеге жол салу жөніндегі жоспарлы жоба қарқынды орындалып келеді. Осы күздің соңына дейін асфальттау жұмыстары толық аяқталмақ. Сонымен қатар, кейбір көшелердегі жаяу жүргіншілерге арналған жолдар да салынады. Қазірдің өзінде кей көшеде жаяу жүргінші жолдары ауыл көшелеріне жаңа рең беріп, көркін айшықтай түскен.
Осы жұмыстардың нәтижесінде Астанадан қатынайтын қоғамдық көліктің бағыты да өзгерген. Мәселен, 25 мамырдан бастап №302 қала маңы автобус бағдары қосымша 3-4 көшені айналып өтеді. Бұл ауыл тұрғындары үшін өте қолайлы жағдай деуге болады.
Қоқыс жатпайтын ауыл
Тайтөбеге барып байқағанымыз, ауыл іші тап-таза, жып-жинақы. Шашылып жатқан қоқыс пен аузы-мұрнынан шығып жататын контейнерлер мүлде көзге көрінбейді.
«Бізде ауыл өте таза, оны өзіңіз де байқап отырған шығарсыз. Былтыр біз қоқыс контейнерлерін қояық деп қоғамдық тыңдау өткізгенбіз. Сонда тұрғындардың басым бөлігі қоқыс контейнерлерін жеке үйлерге ғана қоюды ұсынды. Қазір жекелеген үйлер қоқыс шығару бойынша жеке кәсіпкермен келісімшарт жасасқан. Қоқыс шығарумен айналысатын кәсіпкер тұрмыстық қалдықтарды жинап алып, Қабанбай батыр ауылындағы қоқыс полигонына тасымалдайды. Ауылдың сырты мен көше арасындағы қоқыстарды қар кете бере тазалауды бастадық. Тазалық жұмыстары әлі де жалғасып жатыр», - дейді әкім.
Жуырда Президенттің бастамасымен бір ай бойы экологиялық акция өткен еді. Аталған акция аясында ауыл мектебі мен Нияз би кесенесінің маңайына ағаш түптері егіліп, түрлі абаттандыру жұмыстары жасалған.
Еңселі Мәдениет үйі
Осы жылдың басында Тайтөбе ауылының тұрғындары ұзақ күткен оқиға болды. Ауылда тұңғыш рет заманауи құрылғылармен жабдықталған Мәдениет үйі ашылды. Сыйымдылығы 200 орынға арналған ғимаратта мәдениет пен руханиятты дамыту үшін кітапхана, концерт залы, коворкинг, көрме және жәрмеңкелер үшін арнаулы орындар, сондай-ақ Тайтөбе таланттарының талабын ұштайтын домбыра, эстрадалық вокал, би өнерінің үйірмелері тегін жұмыс істеп тұр. Мәдениет үйінде үнемі шаралар өтіп келеді. Мәдениет үйі ауыл руханиятының дамуына жаңа қарқын берді деуге болады.
Тайтөбе тұрғындары су тасқынымен бір адамдай күрескен
Биылғы су тасқыны еліміздің көптеген аймағын әбігерге түсіргені рас. Бұл қауіп Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылын да айналып өтпеді. Алайда жергілікті әкімдік пен белсенді тұрғындарының табандылығы мен бірлігінің арқасында Тайтөбе ауылындағы бірде-бір үйді су алған жоқ. Тасқын су алуы мүмкін деген қауіп жарияланған сәттен бастап, әкімдік пен тұрғындар, еріктілер бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қолдарына күректерін алып, құм салынған қаптарын арқалап тасқынға қарсы бөгенді күн-түн демей нығайтты. Осы жерде, Қосшы қалалық мәслихатының депутаты, «Тарлан батырлары» ЖШС директоры Болат Абдрахмановтың еңбегін ерекше айта кету керек. Ол өзі Тайтөбе ауылына салынған су бөгетін нығайтуға келген техникаларды жанар-жағармаймен қамтамасыз еткен. Белгілі меценат көптеген қоғамдық маңызы бар мәдени, спорттық іс-шараларға демеушілік жасап келеді. Бұдан бөлек Тайтөбе ауылындағы мешітті өз қаражатына салып берген, ауылындағы медициналық амбулаторияны медициналық құрал-жабдықтармен жабдықтауға қолдау көрсетті және мектепке спорттық инвентарлар, алғашқы әскери дайындық пәніне арналған жабдықтарды тарту етті.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Болат Абдрахмановтың Тайтөбе ауылына деген қамқорлығын, ауылды көркейту жолындағы сүбелі азаматтық істерін әрбір тайтөбелік ризашылықпен айтып жүр.
Жайылым жер халықтың иелігіне өткен
Жайылым жер үшін тайталас Тайтөбеде бұрын болған. Ол мәселе қазір өзінің шешімін тауып жатыр.
«Бұрын жекенің иелігіне өтіп кеткен 657 гектар жайылым жер халық иелігіне қайтарылды. Қазір бұл жер әкімдіктің балансында тұр. Ендігі кезде ол жерде ауыл тұрғындары малдарын жайып, шабындық жерді өздері пайдалана алады», - дейді Тайтөбенің әкімі.
Нияз би кесенесі
Нұраның сағасын емген Тайтөбе туризмге қолайлы ауыл. Ауылда бірнеше демалыс орны жұмыс істейді. Одан бөлек жазда қос өзенге барып, демалатын астаналықтар саны да жыл санап артып келеді. Туристерді ерекше тартатын орынның бірі – Нияз би кесенесі.
Нияз Тілеуліұлы он жетінші ғасырда өмір сүрген. Абылай ханның бас билерінің бірі болып оң жағынан орын тепкен. Нияз би Есіл, Нұра жағалауларын, Қараөткел атырабын мекен еткен елдерді басқарып, әділ билік жүргізген. Елдікті, ерлікті, бірлікті, ынтымақты, адалдықты, адамдықты уағыздап келген. Зерттеушілер Ақмола атауының тарихын Нияз би қабірінің басына орнатылған ақ моламен байланыстырады.