«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының қолдауымен «Жарқын Болашақ» бағдарламасы жүзеге асырылуда
Грант иегерлеріне жоба үйлестірушілері толығымен ақпараттық, логистикалық және психологиялық қолдау көрсетіп отырады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде:
«Бала есейген соң қанаттанып, ұядан ұшуға тиіс. Басқа аймақтарда, тіпті, шетелде білім алуы қажет. Өзге жұрттың қалай өмір сүріп жатқанын көргені абзал. Сондай-ақ қай жерде өзіне және еліне пайдасы тисе, сол жерге барып еңбек етуі керек.
Озық дамыған мемлекет құру үшін біздің азаматтарымыз жаңаша ойлай білуге және жасампаздыққа ұмтылуы керек. Сол себепті біз қоғамда білімпаздықты дәріптеуге, білім және ғылым саласын дамытуға баса мән беріп келеміз», - деп атап өткен еді.
Осы мақсатқа сәйкес «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының тікелей қаржыландыруымен және қолдауымен жүргізіліп келе жатқан «Жарқын Болашақ» Бағдарламасы елдегі адами капиталды дамытуда мультипликативтік нәтиже көрсетіп келеді.
Қазіргі кезде Бағдарлама аясында Жаңаөзен қаласы, Маңғыстау, Түпқараған, Қарақия аудандарынан 674 бала еліміздің 11 өңірінде орналасқан 56 білім ордасында білім алып жатыр. Сонымен бірге биыл Маңғыстау облысының Бейнеу, Мұнайлы аудандарының жастары да өтініш беріп, Бағдарламаның қатысушысы бола алады.
Биыл 6 маусымға дейін аталған өңірде білім алып жүрген орта мектеп оқушылары мен 18-22 жастағы жастар zharqynbolashaq.kz сайты арқылы өтініш беріп, 2024-2025 оқу жылына арналған 600 оқу гранттарына қатыса алады.
10-13 маусым аралығында Ақтау және Жаңаөзен қалаларында Білім беру ұйымдарының көрмесін өткізу жоспарланып отыр. Көрмеде еліміздің ең алдыңғы қатарлы мектептері мен колледждері өздерінің экономикалық сұранысқа ие мамандықтары туралы толық ақпарат ұсынады. Көрме барысында жастар іріктеуден өтіп, грант иегері атана алады.
Грант иегерлеріне жоба үйлестірушілері толығымен ақпараттық, логистикалық және психологиялық қолдау көрсетіп отырады. Олармен үнемі байланыста болып, бағыт-бағдар береді. Грант иегерлерінің оқу ақысы төленіп, жоғарылатылған шәкіртақы тағайындалады, оқу демалысындағы жол шығындары белгілі мөлшерде өтеледі.
Қазіргі таңда Бағдарлама ұйымдастырушылары аймақтарды аралап, мектептердегі оқушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аймақтардың білім бөлімі басшылары, мектеп директорлары, кәсіби бағдар берушілермен жүздесіп, Бағдарламаның мүмкіндіктері туралы толыққанды ақпараттар беруде.
Осындай мүмкіндіктерді пайдалана отырып жастарымыз өз бойындағы дарынын ұштап, еліміздің жарқын болашағының қалануына септігін тигізетін білікті кадрларға айналады деп сенім білдіреміз.
Е.Айтмұхамбет
Bilim Foundation қорының жетекшісі