$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.06.2024, 15:39
Қоғам

«Министрліктің оған батылы да, шамасы да жетпейді»: СҚО-да ауыл балалары әлі күнге дейін Қызыл Әскер мектебінде оқып жүр

Ауылдың атауы өзгергенімен, мектептің аты сол күйі өзгеріссіз қалған

«Министрліктің оған батылы да, шамасы да жетпейді»: СҚО-да ауыл балалары әлі күнге дейін Қызыл Әскер мектебінде оқып жүр
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Әлеуметтік желіні ақтарып отырып ескінің сарқынынан арыла алмай отырған ауыл мектебінің атауына көзіміз түсті, деп жазады Azattyq Rýhy.

Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданына қарасты Құмтөккен ауылында Қызыл Әскер орта мектебі жұмыс істейді. Ауылдың атауы он алты жыл бұрын өзгерсе де, білім ошағы ескі атаумен қалып қойған. Ауыл халқы да, мұғалімдер де Қызыл Әскер атауына қарсы емес көрінеді. 

Қызыл Әскер мектебінің тарихын білу үшін біз Айыртау аудандық білім бөліміне хабарласқан едік. Білім бөлімі орта мектептің шынымен осылай аталатынын растады.

«Мектеп Қызыл-Әскер орта мектебі атауын өзі орналасқан ауылдың ескі атауымен алған. Құмтөккен ауылы 2008 жылға дейін Қамсақты ауылдық округінің құрамындағы Қызыл-Әскер ауылы деп аталған. 1941-45 жылғы Ұлы Отан соғысына 60 үйлік ауылдан 60-тан аса азамат соғысқа аттанған және олардың 48-і майдан даласынан оралмаған. Солардың құрметіне бұрын Құмтөккен деп аталған ауыл Қызыләскер ауылы деп аталған. 2008 жылдан бастап ауыл бұрынғы ескі атауын қайтарып алды. Ал мектеп атауы бұрынғы Қызыл Әскер орта мектебі атауымен қалды», - деп жауап берді Айыртау аудандық білім бөлімі.

Олардың айтуынша, Құмтөккен ауылынан немесе мектеп ұжымы атынан мектептің атауын ауыстыру туралы ешқандай ұсыныстар мен шағымдар түскен жоқ.

Azattyq Rýhy тілшісі белгілі ұстаз, қоғам белсендісі Аятжан Ахметжаннан Кеңес заманының атауларымен қалған білім ошақтары туралы пікірін сұрады.

«Шыны керек, бізде ауылдың аты, жердің аты, көшенің аты өте көп. Лениннің неше мүсіні тұр деген сияқты. Бұл отарсыздану процесі жүрмеген дегеннің көрінісі. Білім саласында  болсын, басқа салада болсын, отарсыздану мәселесі жүрген жоқ. Сондықтан мен ондай дүниелерге өз басым таң қалмаймын. Бірақ, егер шынайы тәуелсіз ел боламыз десек, отарсыздану процессін жүргізу керек. Барлық процесстен бастау керек. Мысалы, қазір тұлғаларды ақтап жатырмыз. Сол сияқты өзгертуге тиісті аттардың да тізімін жасап, солай өзгерту керек. Міндетті түрде. Мысалы, Лениннің, Сталиннің, Голощекиннің атында ештеңе болмасын деген сияқты нақты дүниелер шығару керек. Әйтпесе қиын», - дейді ол.

Оқу-ағарту министрлігі елдегі барлық мектептің атауын тексеріп, сараптамадан өткізуі қажет пе деген сұраққа жауап берген Ахметжан «министрліктің оған батылы жетпейді» деген пікірін айтты. 

«Оқу-ағарту министрлігінің оған батылы да жетпейді, шамасы да жетпейді. Өйткені, бұл жұмыс қай тараптан басталуы керек екенін біліп отырсыздар ғой. Бұл президент әкімшілігінен, мемлекеттік ішкі саясаттан бұйрық түскенде ғана істелетін шаруа. Оқу-ағарту министрлігі оған бастама көтереді деп ойламаймын. Көлеңкесінен қорқатын министрлік ондай дүниеге бармайды», - деген пікір білдірді Аятжан Ахметжан.

Қызыл Әскер мектебінде қанша бала оқиды

Айыртау аудандық білім бөлімінің ақпаратына сүйенсек, Қызыл Әскер ауылындағы мектеп 1928-30 жылдары бастауыш мектеп ретінде ашылып, 1958 жылдан Қызыл Әскер сегіз жылдық мектебі болып қайтадан ашылған. Ал 1989 жылы сол кездегі Қызыл Әскер ауылына жаңа екі қабатты мектеп ғимараты пайдалануға берілді де, сол жылы 1 қыркүйекте көпшіліктің сұрауымен Қызыл Әскер сегіз жылдық мектебі орта мектеп болып қайта құрылды.

«Қазіргі таңда мектепте 1-11 сыныптарда 45 оқушы білім алады. Дайындық сыныбында – 4, жанындағы шағын орталықта 7 тәрбиеленуші тәрбиеленеді», - деп атап өтті білім бөлімі.

 

Серіктес жаңалықтары