Сұлулық салондарының тең жартысы астыртын жұмыс істеп жатыр
Кәсіпкерлер Президентке ашық хат жазды
Алматыда сұлулық салон саласында істейтін кәсіпкерлер жұмыс істеуге мүмкіндік беруді сұрап, Президенттің, Үкімет басшысының және Алматы қаласының әкіміне ашық хат жазды. Сұлулық индустриясының өкілдері кәсіпорындарды іске қосудың екінші кезеңінде жұмысты бастауға рұқсат сұрайды. Алматыда кәсіпорындар мен өндіріс ошақтарын өзге де бизнестік құрылымдардың жұмысын жандандырудың келесі кезеңі 27 сәуірге белгіленген. Бірақ жедел штаб нақты қандай салаларға рұқсат берілетінін ресми түрде жария етпеді.
Azattyq Rýhy ақпарат агенттігіне Ботагөз Жанбосынова есімді кәсіпкер сұхбат беріп, Алматыда бет әрлеу, шаштараз және өзге де сұлулықпен байланысты қызмет көрсету орындарының жағдайын айтты. Сұлулық студиясының иесі ТЖ енгізілген соң 13 адамның жұмыссыз қалғанын айтады. Екі жылдан бері осы салада кәсібін жолға қойған әйел карантинге байланысты көптеген мамандар астыртын жұмыс істеуге көшкенін айтып отыр.
«Төтенше жағдайға қарамастан сұлулық үшін қызмет көрсететін салаға деген сұраныс басылған жоқ. Полиция, дәрігерлер, әскерилер және журналистер үшін сыртқы келбетін бұрынғыдай сақтау маңызды. Өйткені олар жұмыстарын жалғастырып жатыр. Қауіпті індеттен сақтану үшін адамдарға сұлулық салондарына баруға тыйым салынғанымен, астыртын жұмыс істеп жатқан мамандар жеткілікті. Олар ешқандай гигиеналық талаптарды сақтамайды. Демек, аурудың таралуына тәуекел жоғары. Сондықтан алдағы аптада сұлулық индустриясына да жұмыс істеуге мүмкіндік беруді сұраймыз. Мекемелер санитарлық нормаларды сақтап, гигиеналық талаптарды ұстанатын болады», - дейді Ботагөз Жанбосынова.
Ресми деректерге қарағанда, Алматыда 3500 сұлулық саласында қызмет көрсететін мекеме тіркелген. Бұл индустрияның айналасында 35 мың адам жұмыс істейді. Күнделікті табысқа бағынышты болғандықтан, он мыңдаған адам қазір тұрмыстық-әлеуметтік қиындықтарға тап болып отырған көрінеді. Ал отбасын асырау үшін олардың тең жартысы үй жағдайында бұрыннан қалыптасқан тұтынушыларын қабылдап, жұмыс істеуге мәжбүр екенін айтады.
Оқи отырыңыз: Қызметіміз үшін үш-төрт есе ақша ұсынып жатқандар бар – барбершоп қожайыны
Барлығы 250 адамның қолы қойылған ашық хат қалалық жедел штабтың жетекшісі Бақытжан Сағынтаевтың және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының шағын және орта бизнесті дамыту комитетінің төрағасы Райымбек Баталовтың атына жолданған. Оның көшірмесі Президент әкімшілігі мен Үкімет үйінің кеңсесіне де жіберілген.
Оқи отырыңыз: Алматыда 20 сәуірден кейін 160 мың адам жұмысқа оралады
Айта кетейік, Алматыда 20 сәуірден бастап ірі өндірістік кәсіпорындар мен құрылыс компанияларының жұмыс істеуіне рұқсат етілді. Арнайы талаптарға сәйкес келетін кәсіпорындар жұмысын жандандырса, шаһарда 160 мың адам жұмыс орнына оралады деп күтіліп отыр. Ал бизнестік құрылымдарға жұмыс істеуге рұқсат беретін екінші кезең алдағы дүйсенбіде белгілі болады.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы