Салтанат Нүкенованың ар-намысына нұқсан келтіретін ақпарат таратқан журналист сотталды
Ол көпшілік алдында өзі таратқан ақпаратты жоққа шығаруға міндеттелді

Марқұм Салтанат Нүкенованың ар-намысына нұқсан келтіретін ақпарат таратқан журналист Антон Бударов сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Антон Бударов 14 желтоқсанда өз парақшасында Салтанат Нүкенованы қаралап, кінәлаған жазба жариялаған.
«Мен Бишімбаевтың әйелі Салтанатты жәбірленуші деп санамаймын. Ол нағыз абьюзер, күйеуімен ішімдікке салынып, төбелес шығарған. Барып тұрған алаяқ, астрология курсын сатқан. Қарапайым есірткіқұмар отбасы, ол әйел нағыз оңбаған», – деп жазған журналист.
Сот үкімі туралы адвокат Дамир Ишмаметов хабарлады. Оның айтуынша, 2024 жылдың 20 мамырында Бостандық аудандық соты Бударовтың Салтанат Нүкенова туралы жазбасын жалған деп тану жөнінде үкім шығарған.
«Бударов Антон Юрьевич көпшіліктің алдында үндеу жасау арқылы өзі таратқан ақпаратты жоққа шығаруға міндеттелді. Сонымен қатар сот шығындарына жұмсалған 650 мың теңгені Амангелді Айтбекке өндіруі керек», – деп жазды адвокат.