Талғарда 109 мұғалім бір дәретхана, директор бір дәретхана пайдаланған: министр бұған қатысты не дейді
Оқиға Талғар ауданы Төңкеріс ауылындағы №23 мектепте болған
Алматы облысы Талғар ауданы Төңкеріс ауылындағы мектепте директор өзі баратын дәретхананың кілтін ешкімге бермей, дәретхананы сыртынан құлыптап, кілтін өзі алып кетіп жүрген. Ал, мектептегі 109 педагог жалғыз дәретхананы қолданған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұл оқиға туралы бейнежазбаны жергілікті белсенді журналист Сандуғаш Дүйсенова жариялаған. Бейнежазбаның артында сөйлеп тұрған ұстаз мектептегі жағдайды былай баяндаған:
«Екі қызметтік дәретхана бар. Бірінші дәретхана ашық. Екінші қызметтік дәретхана жұмыс істейді, бірақ, жабық тұр. Бұл дәретхана біздің мектебіміздің директоры үшін ғана арналған. Себебі кілті өзінде ғана. Жалғыз өзі ғана қолданады. Қалған 109 мұғалім осы бір ғана дәретханаға кезекке тұрады».
Журналистің бұл жазбасының астына Талғар ауданының білім басқармасы пікір қалдырған. Басқарманың мәліметіне сүйенсек, мектептің ішінде 10 дәретхана бар. Төңкеріс ауылындағы №23 бұл орта мектептің ғимараты өткен ғасырда, яғни, 1977 жылы салынғаны белгілі болып отыр. 2020 жылы күрделі жөндеуден өткен.
«Бүгінде мектепте 1213 оқушы білім алып, 109 мұғалім жұмыс істейді. Мектеп ғимараты 3 қабатты, 10 дәретханадан тұрады. Әр қабатта мұғалімдер мен оқушыларға арналған дәретханалар бар. Дәретханалар санитарлық талаптарға сай, күніне бірнеше рет дезинфекцияланады, таза, иісі жоқ. Бірінші қабатта 5 дәретхана бар; 2 қызметтік дәретхана, 1 дәретхана мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған, 1 дәретхана қыздарға, 1 дәретхана ұлдарға арналған. Қызмет көрсететін дәретханалардың бірі 2020 жылдан бері ұзақ уақыт бойы құлыптаулы, кілті қабылдау бөлмесінде ілулі тұрған. Қазіргі уақытта дәретхананың есігі ашық, мектептің барлық қызметкерлері қолданады. Мектепте дәретхана саны жеткілікті, кезекке тұру орын алмаған», - деп жазды білім басқармасы.
Бірақ, бүгін Үкімет отырысында Azattyq Ruhy тілшісінің осы жағдайға қатысты қойған сауалында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев осындай жағдайдың орын алғанын растады.
«Оқу-ағарту министрлігі кез келген жағдайлардан жедел ақпарат алып отырады. Осыған қатысты жергілікті атқарушы органға, нақты айтқанда, білім басқармасынан мектептердің дұрыс жұмыс істеуін қадағалау сұралады. Сапаны қамтамасыз ету жөніндегі департаменттер жұмыс істейді. Мен департаментке тапсырма бердім. Мұндай мәселе басқа мектептерде жоқ екенін айтып, баяндама жасады. Бұл бір ғана жағдай екенін айтты. Сондықтан, бұл мәселе білім басқарасының бақылауында. Тексеру аяқталғаннан кейін нақты шара қолданамыз», - деді сұраққа жауап берген министр.