Әкімнің бұрынғы әйелінің атышулы мәлімдемесінен кейін Атырау облысында қызметтік тексеріс басталды

Мақат ауданының әкімі бұрынғы әйелін ұрып-cоқты деп айыпталып жатыр

Әкімнің бұрынғы әйелінің атышулы мәлімдемесінен кейін Атырау облысында қызметтік тексеріс басталды
Фото: видео скрин

Атырау облысы Мақат ауданының әкімі Ринат Ибрагимовтың бұрынғы әйелі он жыл бойы күйеуінен қорлық көргенін айтып, видео жариялады. Осы мәлімдемеден кейін облыстық әкімдік қызметтік тексеріс басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мақат ауданы әкімінің бұрынғы әйелінің үндеуіне қатысты ақпарат: бұған дейін А. Умебкалиева Атырау облысының әкімдігіне жүгінбеген. Белгілі болып отырған мән-жайларға байланысты қызметтік тексеріс тағайындалды», - деді әкімдіктің баспасөз қызметі Azattyq Rýhy тілшісіне.

Бұған дейін Атырау облыстық полиция департаменті Мақат ауданының әкімі Ринат Ибрагимовтың үстінен қозғалған қылмыстық іс биыл ақпан айында сотқа тапсырылғанын хабарлады.  Іс Қылмыстық кодекстің 107-бабы 2-тармағы «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру» бойынша қозғалған. Келесі сот отырысы 29 мамырға жоспарланған.

Естеріңізге сала кетейік, Атырау қаласының тұрғыны Ақмарат Үмбетқалиева бұрынғы күйеуі, Атырау облысы Мақат ауданының әкімі Ринат Ибрагимовтен зорлық-зомбылық көргенін айтып, мемлекеттен көмек сұрады. Айтуынша, бұрынғы жұбайы оны он жыл бойы ұрып келген, ал бір жыл бұрын балаларын заңсыз тартып алған.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.