Бар ауыртпашылық бюджетке түседі: Бибігүл Жексенбай залалды өтеудің жаңа тәсілдерін ұсынды
Сенатордың айтуынша, елімізде мүлікті сақтандыру мәдениеті қалыптаспаған
Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай төтенше жағдай салдарынан келген шығынды өтеудің жаңа жолдарын қарастыруды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Депутат биылғы су тасқынынан өңірлерде 13 мыңға жуық жер үй су астында қалғанын еске салды. Қазір Үкімет пен жергілікті билік апаттың зардаптарын жою бойынша кешенді шаралар жүргізіп жатыр.
«Алайда мұндай төтенше жағдайдағы шығындарды өтеудің мемлекеттік бюджетпен қатар жаңа жолдарын қарастыру уақыт талабы. БҰҰ мәліметінше, соңғы 20 жылда дүние жүзінде табиғи апаттардың, яғни, жер сілкінісі, су тасқыны, құрғақшылық және дауылдардың саны екі есе өскен. Қазақстанның 75 пайызы дауыл, көшкін, сел, су тасқыны, жер сілкінісі, орман және дала өрттері сияқты табиғи апаттардың қаупі жоғары аумаққа жатады. Халықаралық тәжірибе бойынша мұндай табиғи және техногендік апат аймақтары бар елдерде арнайы сақтандыру қорлары, мемекеттік бағдарламалар, міндетті сақтандыру жүйесі жұмыс істейді», - дейді Бибігүл Жексенбай депутаттық сауалында.
Мәселен, Түркияда 1999 жылдан бері апаттық тәуекелдерден міндетті сақтандыру бағдарламасы TCIP іске қосылып, оның аясында мемлекеттік сақтандыру компаниясы құрылған. Сонымен қатар, жылжымайтын мүліктің шамамен 50% осы міндетті бағдарламамен қамтылған.
Жапонияда 1966 жылы, яғни 58 жыл бұрын жер сілкінісін қайта сақтандыру бағдарламасы басталды. Осы уақыт ішінде бағдарлама үнемі жетілдіріліп келеді, өйткені ел әлемдегі ең белсенді сейсмикалық аймақта орналасқан. Осылайша, Жапония үй шаруашылықтары үшін мүлікті қорғаудың өте жоғары деңгейін қамтамасыз етті.
«Шетелдік сақтандыру компанияларында тәуекелдер қайта сақтандырылады. Қайта сақтандыру тетіктерінің көмегімен әлемнің түкпір-түкпіріндегі компаниялар тәуекелдерді өзара бөлісіп, зардап шеккендерге сақтандыру төлемдерінің түсуін қамтамасыз етеді. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, апаттық тәуекелді сақтандырудың барлық сәтті үлгісі ықтимал шығындардың орасан зор көлеміне байланысты мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаты бойынша жүзеге асырылады», - дейді сенатор.
Депутаттың айтуынша, ешбір ел өз аумағында болған апат тәуекелінен залалды дербес өтей алмайды.
«Табиғи апаттардан төтенше жағдайлар кезінде келген залал отандық сақтандыру жүйесінің дамымағандығынан өте сирек өтеледі. Мұндай жағдайда зардап шеккендерді тұрғын үймен қамтамасыз ету және олардың қаржылық мәселелерін шешу ауыртпалығын түгел дерлік жергілікті атқарушы органдар мен Қазақстан үкіметі көтереді», - дейді Жексенбай.
Ол елімізде жылжымайтын мүлікті міндетті сақтандыруды енгізу мүмкіндігі соңғы жиырма жылда кезең-кезеңімен талқыланып келе жатқанын атап өтті. Алайда бұл бағыттағы жұмыс жүйелі, мақсатты жүргізілмегендіктен, елімізде сақтандыру компанияларына сенім төмен, сақтандыру мәдениеті қалыптаспаған.
2024 жылдың алғашқы екі айында былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда мүлікті ерікті сақтандыру шарттары 77,3%-ға өскен. Сақтандырылған тұрғын үйлер саны бойынша Астана көш бастап тұр. Оның үлесіне жаңа сақтандыру шарттарының жартысы – 50,4% келеді. Алматының үлесі небәрі – 14,85 пайыз ғана. Алайда су басқан аймақтарда жеке мүлікті сақтандыру деңгейі өте төмен – 1%-дан да аз.
«Әдетте, сақтандыру жайлы табиғи апат кезінде ғана еске түседі. Осыған байланысты еліміздегі сақтандыру жүйесін жетілдіру және тұрғын үйлерді міндетті сақтандыру мүмкіндігі бойыншша халықаралық ұйым өкілдері, сарапшылардың қатысуымен арнайы ведомствоаралық комиссия құруды қарастыруды ұсынамын. Екіншіден, отандық сақтандыру компанияларының төтенше жағдайлар шығынын өтеуге қатысты әлеуетіне сараптама жасалып, олардың жарғылық қорларын көбейту жағдайын зерделеу қажет», деді сенатор.
Сондай-ақ депутат табиғи апат салдарынан келтірілген залалды өтеу тәртібін реттеу үшін қалпына келтірілген баспананы азаматтардың меншігіне берудің нақты тәртібін реттеуге, халықты табиғи апаттардан, оның ішінде су тасқынынан сақтандыру мен қорғауға бағытталған тиісті заң жобасын әзірлеуді қарастыруды ұсынды.