Кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапқа тартылады
Прокурорлар Шығыс Қазақстан облысында 56 мектептің 15 мыңнан астам оқушысы тыйым салынған сайттарға еркін кіріп келгенін анықтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ШҚО прокуратурасына сілтеме жасап.
Дәлірек айтқанда, Өскемен қаласының 7 мектебінде оқушылар сабақ кезінде порнографиялық сипаттағы сюжеттерді көрген. Ал Шемонаиха ауданындағы 8 мектепте балалар букмекерлік кеңселердің сайттарына кірген.
Осындай жағдай Риддер қаласында (15 мектеп), Алтай (6 мектеп), Самар (19 мектеп) және Ұлан аудандарында (1 мектеп) да анықталды.
«Анықталған заңбұзушылықтар бойынша облыс прокуратурасы облыстың барлық мектебінде тиісті бағдарламалық қамтамасыз етуді орнату және кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауапқа тарту жөнінде шаралар қабылдау мәселесін көтеріп, облыстың білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне қадағалау актісін енгізді», - делінген прокуратураның хабарламасында.
Кінәлі тұлғалар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 409-бабы 7-2-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылады. Оларға 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
ШҚО прокуратурасы ата-аналарды балаларының қандай интернет-контентті қарайтынын қадағалап, олармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шақырды.