Депутат балалар үшін киіз үй түріндегі лагерь ұйымдастыруды ұсынды
Елімізде балалар лагерьлері балалардың небәрі он пайызын ғана қамтиды
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы Фракциясының төрағасы Елнұр Бейсенбаев балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыру мәселесін қозғады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Депутат президенттің тікелей пәрменімен балалардың қауіпсіздігін сақтау бойынша маңызды заң қабылданғанын еске салды. Енді балаларға байланысты әрбір мәселе мемлекеттік деңгейде бақылауда болады.
«Дегенмен, елімізде әлі де кездесетін кейбір келеңсіздіктер осыған қарсы жасалып жатқандай әсер қалдырады. Соның бір көрінісі – балалардың жазғы демалысын ұйымдастырудағы олқылықтар», - дейді Бейсенбаев премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында.
Мысалы, былтыр Алматы облысының Ұзынағаш ауылында балалар лагерін саунада ұйымдастырған. Ол қоғамда үлкен шу туғызды. Осы мәселе бойынша сот жуырда ғана аяқталды. Кінәлілер сотталып, бас бостандығынан айырылды. Сот 2023 жылы кәсіпкер әйелдің 50 баланы балалар лагері деп өз жеке мектебіне, 300 баланы фитнес-орталығы бар монша кешеніне орналастырғанын анықтады.
«Басқа басқа, балаға қатысты мұндай теріс қадамға бару – нағыз бассыздық, ақша үшін ардан аттау емес пе?! Тағы бір мысал. Бас прокуратура 2023 жылы тамызда Алматы облысында уәкілетті органның рұқсатынсыз жұмыс істеген 8 балалар лагерін анықтаған. Олардағы жағдай да ешбір сын көтермейді. Санитариялық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі нормалары мүлдем сақталмаған. Спорт және ойын алаңдары да қауіпсіздік талаптарына сай емес», - дейді мәжілісмен.
Ал былтыр Қонаев қаласындағы «Бәйтерек» лагерінде шартта көрсетілгеніне қарамастан, балалардың тиісті демалысы мен оқуы ұйымдастырылмаған.
Сол секілді Шымкенттегі «Hawaii» лагері өртке қарсы дабыл жүйесімен жабдықталмаған және міндеттелген санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысыз жұмыс істеген.
Сондай-ақ, 220 балаға арналған «Үш бұлақ» лагері іс жүзінде 310 оқушы қабылдаған. Былайша мөлшерден тыс тығыз орналастыру балалардың демалуына теріс әсер ететіні айтпаса да түсінікті.
«Айта берсек, мұндай мысалдар жетерлік. Балалар мұндай жазғы демалыс орындарында алаңсыз тынығып, жаңа оқу жылына тың күшпен келудің орнына, түрлі келеңсіздікке ұшырап жатқаны өкінішті. Жоғарыда аталған заң енді мұндай орындарды ескертусіз тексеріп, талапты сақтамағандарға нақты шара қолдануға мүмкіндік береді. Сондықтан осындай олқылықтардың барлығын жойып, балалардың биылғы жазғы демалысын сапалы ұйымдастыруға жете мән берген жөн», - деді Бейсенбаев.
Оның айтуынша, елімізде балалар лагері мүлдем жетіспейді. Олар бар болғаны балалардың 10-ақ пайызын қамтиды. Оның ішінде де сапалы демалысты қамтамасыз ете алатыны санаулы ғана. Оған қоса, пандемиядан кейін лагерлердің 30 пайызы нарықтан кеткен.
«Ашығын айту керек, балалардың жазғы демалыспен қамтылуы туралы статистикасы көкейге қонбайды. Өйткені, жергілікті әкімдіктер мектеп жанындағы лагерлерді – жазғы лагерлер деп есептейді. Бұл жөнсіз. Тағы да қайталап айтамын, мектеп жанындағы лагерлер жазғы демалыс емес, ол тек қана 5-6 сағаттық уақыт өткізу», - дейді Бейсенбаев.
Тағы бір мәселе – еліміздегі лагерлердің басым бөлігі Кеңес кезеңінде салынғандықтан, тозығы жетіп тұр.
«Сондықтан салынуы оңай, шығынды аз талап ететін Глэмпинг базасындағы киіз үйлер, шатырлар түріндегі лагерлерді ұйымдастырып, олардың стандарттарын енгізу қажет. Сондай-ақ, елімізде педагогтерді дайындайтын оқу орындары көп болғанымен, әлі де лагерлерде жұмыс істейтін жетекші-тәрбиешілерді дайындау жүйесі жолға қойылмаған. Осы ретте, «AMANAT» партиясының жол картасында 50 балалар сауықтыру лагерін салу көзделген. Алайда оның биыл тек бесеуінің ғана құрылысы жүріп жатыр», - деп мәлімдеді мәжілісмен.
Осыған байланысты депутаттар балалардың жазғы демалысына қатысты келеңсіздіктердің алдын алу үшін тез арада мына шараларды қолға алуды ұсынды:
- су басқан өңірлердің балаларын жазғы сауықтыру лагерлеріне арнайы ұйымдастыру керек:
- жазғы балалар сауықтыру орталықтары тиісті салалық мамандармен қамтамасыз етілуі тиіс;
- мемлекеттік сатып алу бойынша конкурс өткізу кезінде ерекшеліктері бар балаларға инклюзивтік білім беру талаптарын орындау көзделуге тиіс;
- бизнес өкілдері мен сала мамандарын қатыстыра отырып, Қазақстанда балалар демалысын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеген жөн.